ҰБТ форматы өзгеруі мүмкін

фото: gov.kz

2027 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы ілкі жоба ретінде өзгеріске ұшырауы мүмкін. Бұл туралы  Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова айтты. 

-Америкалық компаниямен енді жұмыс істей бастаймыз. Бастапқы кезең процесі -келіссөздер, меморандум жасасу болды. Бұл бір күннің не бір жылдың жұмысы емес екені түсінікті. Ол барынша ұзаққа созылады және кезең-кезеңмен жүзеге асырылады, осыған орай, алдағы 2026 жылы ҰБТ-ның форматы да, мазмұны да өзгермейді, - деді вице-министр.

Осы орайда ол ҰБТ форматын өзгерту ілкі жоба ретінде 2027 жылдан бастап кезең-кезеңмен қолға алынуы мүмкін екенін айтты.

- Әрине, бұл мәселелердің бәрі қоғамға, балалар мен талапкерлерге міндетті түрде жеткізіледі, - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, ҰБТ-ның барлық тест сұрақтары бірнеше кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді. Содан кейін ғана ҰБТ-ға енгізіледі.

- Сарапшылар тобы құрылып, оның құрамына ғалымдар, пән мұғалімдері кіреді. Сондықтан сұрақтар жан-жақты талқыланып, сараптамадан өтеді. Соған кейін ғана қолдануға жіберіледі, - деді Гүлзат Көбенова.