Президент Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдады. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойылды. Нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символына айналған тұлғаның мұндай құрметке ие болғанын Мемлекет басшысының өзі Жамбыл облысындағы жұмыс сапары кезінде айтты. Биыл бұл өңірге 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған. 63 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 280-нен аса елдімекенге көгілдір отын жеткізілді. Тағы қандай өзгеріс бар? Келесі сюжетті көріңіз.
Жамбыл жеріне табан тіреген Мемлекет басшысы алдымен фармацевтикалық кәсіпорындардың қызметімен танысты. Кәсіпорын медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар өндіреді. Қазір мұнда 94 қызметкер еңбек етеді. Ал «Super-pharm» 600-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Тараз» шағын индустриалдық аймағын аралап көрді. Жыл басынан бері өңірге 599 миллиард теңге инвестиция тартылған, өсім - 33 пайыз.
ӘБІЛХАЙЫР ТАМАБЕК, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Инвестиция көлемі 33 пайызға өсіп, жалпы республика бойынша үшінші орынға тұрақтады. Оның ішінде жеке инвестиция 43 пайызға өсті. Биылғы жылы тарихи көрсеткіш орын алып отыр. Алғаш рет өнеркәсіп көлемі 1 трлн теңгеден асты. Жалпы, соңғы екі жылда 241 млрд теңгеге 56 жоба іске асырылды. Ірі-ір деген жобалар, 2мыңнан аса жұмыс орны ашылды.
Тараз – ежелгі өркениеттің ізі қалған жер. Шежірелі шаһардың жұртымыз үшін орны ерекше. Екі мың жылдық тарихы бар Әулиеата жерінде мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтқан талай тарихи оқиға болды. Қазақ хандығы осы аймақта құрылды. Көне қала тоғыз жолдың торабында тұр. Ежелгі Ұлы Жібек жолы қарт Қаратаудың етегін басып өткен. Қазір әйгілі керуен жолы жаңа заманда жаңа қарқынмен дамып келеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жаһандағы ахуалды көріп отырсыздар. Заман күрделі, болашақ бұлыңғыр болып барады. Соған қарамастан, еліміз бейтарап ұстаныммен байсалды сыртқы саясатын жүргізіп келеді. Бұл Қазақстанның дамуына қолайлы жағдай жасауда.
Биыл облысқа 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. 63 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 280-нен аса елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Үш жылдың ішінде 13 мыңға жуық оқушыға арналған 37 мектеп салынды. 41 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Елуден астам спорт және мәдениет орталығы бой көтерді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Соңғы бес жылда ұлттық экономика 15,8 пайызға өсті. Биылғы өсім 6 пайыздан асты. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артты.
Бірінші қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Салық жүйесі бақылау-жазалау тәсілінен бизнес өкілдерімен сенімді серіктестік орнату тәсіліне көшуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет. Қазір өңірлердегі іскерлік ахуалды жақсарту үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы жүзеге асырылады. Диқандарымыз екі жыл қатарынан рекордтық деңгейде мол астық жинап, қамбаны толтырды. Мемлекет шаруаларға қаржылық қолдау көрсетудің оңтайлы жолдарын ұсынып жатыр. Биыл осы мақсатқа 1 триллион теңге қаржы бөлінді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл – осыдан бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Дегенмен Үкімет ауыл шаруашылығының тиімділігі бойынша белсенді түрде жұмыс істеуі керек, қомақты қаражатты субсидия ретінде беру ең жақсы тәсіл деп айтуға болмайды.
Елде 2019 жылдан бері 1289 жаңа мектеп салынды. Соның 130-дан астамы осы жылы бой көтерді. Білім беру саласына бөлінетін қаражат үш есе көбейді. Ғылымға салынған инвестиция бес жылда 5 есе өсті. Қазақстанда шетелдің 33 университетінің филиалдары ашылды. Жас ғалымдарға баспана беріліп жатыр. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мемлекет ерекше күтімді қажет ететін балалар мәселесіне айрықша мән береді. Кеше мен Астанадағы Инклюзивті спорт орталығында болдым. Сондай орталықтарды еліміз бойынша басқа аймақтарда салу қажет деп санаймын. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтап, шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.
Біз көршілермен байланысты нығайттық. Тек осы жылдың өзінде халықаралық кездесулердің нәтижесінде жалпы құны 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Соның арқасында елімізде заманауи кәсіпорындар ашылып, сапалы жұмыс орындары құрылуда.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Биыл аймақ елдері Еуропа Одағымен, Италиямен, Қытаймен, Ресеймен, АҚШ-пен және Жапониямен бірлескен келіссөздер жүргізді. Аймаққа тартылған инвестицияның 60 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі.
Президент Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды. Тіпті, осындай Бауыржан мектептерін барлық аймақта ашылуды қолайтынын жеткізді. Енді Үкімет бұл мәселені пысықтайды. Бастысы, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады. Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс. Баукеңнің ерлігі жай аңыз емес, бұл – нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік.
Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылын» атап өттік. Жыл бойы еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетілді. Осы тұста Президент Жамбыл жұртының ел дамуына қосқан үлесі мол, еңбегі ерен екенін айтты. Расымен, Әулиеата – нағыз еңбекқор адамдардың мекені.