10 161 ата-ана жауапкершілікке тартылды

Алматыда жыл басынан бері түнгі уақытта қараусыз  жүрген он мыңнан астам бала ұсталды. Бұл былтырғы жылмен  салыстырғанда көп. Кәмелетке толмағандардың түн ішінде тайраңдап жүруі қалыпты жағдай болып кеткен сынды. Мұндай заңбұзушылық үшін ата-ана жауапкершілікке тартылады. Жеткіншектер күн батқасын уақытын қайда өткізеді? Жомарт Түзелбай рейдке шықты.  

Статистика бойынша қылмыстың дені түнде тіркеледі. Сондықтан түндегі тыйым тентекке тұсау болады. Заң бар. Бірақ оған бағынатын бала мен ата-ана жоқ. Жеткіншектер көше мен компьютер клубтарын кезіп жүр.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Күн батса болды қызық қуған жастардың шыбындай үймелейтін орынына айналатын компьютер клубтарының біріне келдік. Кәмелетке толмаған бала мұнда бар ма екен, көрейік.

Әр тексерілген мекемеден кемі екі бала ұсталды.Желігіп жүрген қыз да жетеді. 

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Бір түннің ішінде қала бойынша жасы 18-ге толмаған 100-ге жуық жасөспірім ұсталды. Бесіктен белі шықпаған баланың бұлай қараусыз жүруіне тіл алмайтын бала кінәлі ме, әлде жауапкершілікті сезінбейтін ата-ана ма?

ЖАННА ШОНЖАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Ең бірінші ескерту. Егер ол сол бір жылдың ішінде қайталанып жатса үш айлық есептік көрсеткішпен айыппұл салынады заңды өкілдеріне. Одан бөле тағы қайталанған жағдайда сол 442 баптың 3 бөлігімен 7 айлық есептік көрсеткіш айыппұл соттың шешімімен салынады.

Биыл он мыңнан астам баланың ата анасы  жауапқа тартылған. Полицейлер рейд жүргізілгеннен кейін қала біраз тынышталады. Бірақ, көп ұзамай-ақ бұзықтар баяғы әдетіне  қайта басады. Олар көбінесе  жақындарының жоқ сәтін пайдаланатын көрінеді. 

АРСЛАН МЫРЗАХАНОВ, КӘМЕЛЕТ ЖАСЫНА ТОЛМАҒАНДАР ЖӨНІНДЕГІ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР:

Көбінде кәмелет жасына толмаған балалар ата-аналарының қарауынсыз қалады. Ата аналар жұмыста кезде болмаса қыдырып кеткен жағдайда олар өздерінің достарымен бірге көшеге шығады, компьютерный клубтарға барады. Сол кезде біздің түнгі рейдтік жұмысымыздың барысында ұсталып қалып, солай түсіндіріп жатады. Ата аналарымыз басқа қалада еді. Болмаса жұмыста еді, қыдырып кеткен еді деп, бізде көшеге шығып қыдырғымыз келген деп түсіндіріп жатады.

Қараусыз жүрген балаға қоғамнан қауіп көп. Құқық қорғаушылар қанша қадағаласа да, жауапкершілік ата-ананың мойнында.