Астанада келер жылы жүргізушісіз таксилер пайда болады

фото: pixabay

Астанада 2026 жылы жүргізушісіз автомобиль пилоттық режимде іске қосылады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун айтты. 

Бұл мақсатта жүргізушісіз көліктің пилоттық сынағы өткізілген. Көлікті қысқы жағдайда жол белгілері жоқ, төмен температурада және нақты қалалық ортада тестілеу жүргізілген. Астана мен Алматыдағы кейбір бағдаршамдар арнайы чиптермен жабдықталған, олар сигналдардың өзгерісін автокөліктерге жеткізеді.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жүргізушісіз көліктер қашан қолданысқа берілетіні белгісіз екенін айтты.

"Біз бұл тосынсыйды қазір жарияламаймыз, оны келесі жылға дайындап жатырмыз. Толық пилоттық режимді іске қосқаннан кейін белгілі болады. Бірінші сынақты адамдар көлікті жүргізіп үйренетін автоХҚКО аумағында өткіздік. Келесі жылы жүргізушісіз автокөліктерді қаланың басқа учаскесінде пилоттық режимде іске қосу жоспарланған", - деді ол.

Жүргізушісіз көліктерге арналған инфрақұрылым жартылай дайын, кейбір техникалық және нормативтік мәселелерді шешу керек.