Оралдағы перзентхана лифтісінде көз жұмған әйелдің өліміне қатысты сот үкімі шықты. 4 жылға созылған даудан кейін қайғылы оқиғаға кінәлі деп айыпталған перзентхананың бұрынғы басшысы ақталды. Сот материалдарынан белгілі болғандай, 50 жастағы азаматша перинаталдық орталықта лифтіші болып жұмыс істеген. 31 желтоқсанда ақау шыққан жеделсатыға денесі қыстырылып, көз жұмыпты. Сот кезінде лифтінің 1981 жылдан бері қолданылып, әбден тозығы жеткені анықталды. Осыдан кейін ескі қондырғыны тоқтатпаған мекеме басшысына өз міндетіне салғырттықпен қарады деген айып тағылды. Дегенмен сот оның кінәсіз екенін мойындады.
АЙЗАДА ДЖУМАГУЛОВА, ҚАЛАЛЫҚ СОТ СУДЬЯСЫ:
Қылмыстық процессуалдық Кодекстің он бабына сүйене отырып, Орал қалалық соты Дильманова Жанна Ахметовна кінәсіз деп таныды. Сот оның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ екенін анықтады. Жәбірленуші тараптың 15 миллион теңге өтемақы беру туралы талабы қанағаттандырылмайды.
Қорғаушы тергеу кезінде заң бұзылғанын айтады. Өйткені лифті басқа мекемеге тиесілі әрі оның жарамдылығын тексеру директордың міндетіне кірмейді. Сондықтан бұл өлімге оның қатысы жоқ.
ТАМАРА СӘРСЕНОВА, ҚОРҒАУШЫ:
Қылмыстың субъектісі жоқ болғандықтан, ақталып отыр қазір бұл кісі. 4 жыл осыны мен жаздым. 4 жыл мән берген жоқ заңбұзушылыққа. Бұл жерде қазір қылмыстың мерзімі ескіруіне байланысты және нәтижесінде "Уральсклифтсервис" деген ЖШС жауапқа тартылмай, соның нәтижесінде қазіргі таңда жәбірленушінің өзі қылмыстық жауапкершілікке біреуді тарту құқығынан айрылып отыр.