Алдағы күндері еліміздің біраз өңірінде қалың қар жауып, аяз күшейеді. Кей жерлерде боран соғып, қатты жел тұрады, көктайғақ болады. Сондықтан төтеншеліктер алыс жолға ашықпауға кеңес береді. Астананы дәл қазір аяз буып тұр. Синоптиктер сарышұнақ аяздың беті әзір қайтпайды дейді. Ал оңтүстікте қар жауды. Сирек болатын құбылысқа жұрт мәз-мәйрам. Қазір тілшілеріміз тікелей байланысқа шығып, ахуалды өздері баяндайды. Үсен, сіз эфирдесіз.......
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Қарашада қар жаумады деген астаналықтар қазір қақаған қыстың қаһарын сезінуде. Ақтүтек боран, сақылдаған сары аяз әбігерге салып тұр. Қазір термометр бағаны –25-ті көрсеткенімен, сүйектен өтетін суық -30 градусты сездіреді. Алдағы күндері де аяздың беті қайтпайды дейді синоптиктер.
Толассыз жауған қар, үскірік аяз далаға шыққан жанның жанарына жас толтырып, қасына қырау қатырады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қатты аяздан 2 адамды үсік шалған, абырой болғанда аман қалып, қазір амбулатриялық ем қабылдап жатыр. Тіпті осындай қарлы боран мен қызыл шұнақ қатты аязда өзімен бірге өзгенің өмірін қатерге тігіп жолға шығып кететіндер де жоқ емес.
АБЗАЛ ІЛИЯС, "ҚАЗАВТОЖОЛ" ҰҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Біз жүргізушілерге ең алдымен жолға шықпас бұрын ауа райы туралы мәліметтерді бір қарауға және өзінің техникалық жағдайын бір тексеріп алуға шақырамыз. Өйткені көлік ол темір техника болған соң ол кез келген уақытта сынып қалуы мүмкін.Ал мынандай суық ауа райында көлік бұзылып қалған жағдайда, ол біріншіден жүргізушілерге жолаушыларға зиянын келтіріп қана қоймай басқада көлік иелеріне зиян келтіреді. Жолда ұзын сонар кептелістер пайда болады. Егерде шектеулерге бағынбастан жолға шығып кеткен жағдай да әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Қазірде еліміздің 4 өңірінде 9 республикалық маңызы бар жол жабылған. Қара жолға шыққандар қиналмасын, діттеген жеріне аман сау жетсін деп 626 техникамен мыңдаған маман жолды тазалап жүр. Ал жаңа жылды жақындарымен өткіземін деп, әуе -пойыз билетін таппағандар қара жолға басын қатерге тігіп шықпаған жөн. Өйткені синоптиктер әлі де қар жауып, бұрқасын болады дейді. Сондай-ақ, көктайғақ күтеліде, және жел күшейеді.
АРУЖАН МУРАТОВА, "ҚАЗГИДРОМЕТ" РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты 27 желтоқсанда елдің шығысында, 27–29 желтоқсанда батысында, 29 желтоқсанда солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында қар, бұрқасын, желдің күшеюі күтіледі. Оңтүстік өңірлерде жауын-шашын болады. Күшті қар 27 желтоқсанда шығыс пен оңтүстік-шығыста, 28 желтоқсанда елдің батысында күтіледі. Республика бойынша тұман болады деп болжануда.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Еліміздің оңтүстігінде де ауа райы бұзылды. Бүгін түсте Жамбыл, Түркістан облыстарында жол жабылды. Құтқарушылар алыс жолға шықпауға кеңес береді. Шымкенттегі әріптесім қазір жағдайды өзі баяндайды, сөз сізде, Айзада.
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Үсен, рахмет! Біз Шымкентке нағыз қыс келді деп қуанып жатырмыз. Бүгін таңертеңнен бері майдалап қар жауып тұр.
Айнала ақ ұлпаға оранып, шаһардың сәні кіріп қалды. Көпшілік бұл күнді ұзақ күткендерін айтады. Әсіресе Жаңа жылды қарсыз қарсы аламыз ба деп қатты уайымдаған дені. Әрі өршіген ауруды басатын болды қуанып жатыр.
БЛИЦ
- Мне кажется Жаңа жылға қарсы осындай болу керек погода. Қарды бәріміз күттік қой қар жауғанын. Жақсы қар жауып жатқаны. Ауруды басады. Барлық көтерілген инфекцияларды басады. Денсаулыққа да жақсы, әрнәрсенің өзінің орнымен болғаны жақсы ғой.
- Ауа райы өте керемет. Жаңа жылға қарсы қар жауғаны бәрімізге жақсы. Осындай ақ қарда ақ көңіл күймен жүре берейік деген тілек білдіремін. Жылы киініп алдым. Осындай погода ұнатамын өзім. Жаңа жылдың сәні негізі қар ғой. Жаңа жыл қарсыз өтеді деп ешкім елестете алмайтын шығар даже. Бірақ біз Шымкентте болғаннан кейін күн тез жылынып кетеді. Қар бір екі күн тұрады әрі кетсе, потом еріп кетеді.
- Бүгінгі ауа райы жақсы ғой қыстың күні қардың жауғаны. Құдай қала ертеңнен бастап қысқы шілде келеді. Ссол қысқы шілдеге қар жауса, қыстың күні сондай болса. Енді бұл шамалы болса да қар ғой, жерге нам ғой. Нам болса жерге шөп өседі. Биылғыдай құрғақшылық болмаса болды ғой келесі жылы.
Синоптиктердің болжауынша, ертең де қар жауады, көктайғақ болады. Тұман түсіп, жел соғады. Күндіз +6 градусқа дейін жылы болса, түнде ауа температурасы -4 градусты көрсетеді.
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қазгидромет мамандары Шымкент пен Түркістан облысының аумағында 31-желтоқсанға дейін күн жаңбырлы болады дейді. Термометр көрсеткіші +9 градусқа дейін көтеріледі. Тек 1 қаңтар күні жаңбыр аралас қар жауады деп болжап отыр.