Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай аясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жалғасуда. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Нақты жобалардың бірі тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғауға қатысты. Президент салалық заңға қол қойды. Бұл Мемлекеттік қор, Ұлттық депозитарий, Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құруға мүмкіндік береді. Әрі қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін нысандарды қорғауға, заңсыз қазба жұмыстарына қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Тезге қойылған тағы бір тапсырма -нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес. Үкімет бұл бағытта 2028-ші жылға дейінгі кешенді жоспарды қабылдады.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
Жаңа жоспарда нашақорлыққа қарсы іс-қимыл саласында бұған дейін қабылданған шараларды жүзеге асыру тәжірибесі ескерілді. Нашақорлықтың алдын алу және қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін шешу блогы күшейтілді. Ең бастысы, құжатты әзірлеуге Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері айырықша атсалысты. Олар қоғамда нашақорлыққа қарсы нөлдік төзімділікті орнықтыру ісінен де шет қалған емес.