Астанада 400 жеткіншек қала әкімдігі ұйымдастырған Президент шыршасына қатысты

  • AstanaTV
  • 26 желтоқсан 2025

Астанада жаңа жыл қарсаңында балалар үшін ертегілер әлемі есік ашты. Бүгін 400 жеткіншек  қала әкімдігі ұйымдастырған Президент шыршасына қатысты.  Мерекелік бағдарлама «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында өтті. Интерактивті спектаклде  болашақта кім болам және қандай адам болу керек деген әрбір бала үшін маңызды сұраққа жауап іздеген Азамат есімді  балақайдың оқиғасы жатыр.  Сиқырлы сапар барысында көрермендер кейіпкерлермен бірге түрлі әлемдерден өтеді. 

Жыл алмасу қарсаңында Аяз атаға хат жазып, ғажайыпқа сенетін 400 оқушы  шырша тойында бас қосты. Мерекелік кеш шымылдығы түрілгеннен-ақ, мектеп ұландарын театр фойесінен ертегі кейіпкерлері құшақ жая қарсы алды. Ойын-сауық бағдарламасы түрлі интерактивті аймақтарда жалғасып, тіпті жасанды интеллект көмегімен тіл қатқан батырлар кішкентай қонақтарды таңғалдырды. Ортада жүрген бүлдіршіндер ақ армандарын бізбен де бөлісті.

МАДИНА ДҮЙСЕНҒАЛИ, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

Мен №101 мектептен келдім. Мұнда бәрі өте әдемі. Баршаға жақсылық пен қамқорлық тілеймін. Аяз атаға сенемін, оған хат та жаздым. Одан отбасымның бақытты болуын сұрадым.

Бұл балалар- сабақ озаттары мен көпбалалы отбасынан шыққан жеткіншектер. Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндер   сый-құрметке бөленді.

ДІНМҰХАММЕД ДӘУЛЕТКЕЛДІҰЛЫ, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

Маған бұл кеш қатты ұнады. Біз би билеп, қызықты ойындар ойнадық. Сонымен қатар, сыйлық та алдық. Ішінде кітап, тәттілер мен сурет салатын альбом бар екен.

Бұл жерде екі күннен  бері мерекелік шара өтуде. Кеше 200-дей жеткіншек  шырша кешіне қатысса,  бүгін тағы 400  бала  жиналды. Жаңа жылдық қойылымның негізгі желісі қоғамдық мәселелер мен адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

ГУЛЬФАРА САРАМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бағдарламада «Адал азамат» ұғымына ерекше мән беріледі. Бұл — «Таза Қазақстан» бастамасы мен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асатын жоба. Ертегі форматында өскелең ұрпаққа жаңа, қызықты әрі позитивті мазмұндағы дүниелер ұсынылуда.

Мерекелік кеш соңында әрбір балдырғанға  арнайы тартулар табыс етілді. Елорда әкімдігі дайындаған жиынтықта мектепке қажетті рюкзак, тәттілер мен кітаптардан бөлек, номиналы 50 000 теңге болатын киім дүкенінің сертификаты бар.  Бұл -балалардың көңіл-күйін еселеп, оқуға деген құлшынысын арттырары сөзсіз.