Шымбұлақта баға екі есе қымбаттады

Фото: Алматы әкімдігі

Шымбұлақ тау-шаңғы курортында 2025 жылдың 25 желтоқсанынан бастап 2026 жылдың 11 қаңтарына дейін high season тарифі іске қосылады.

Бұған дейін курортта сырғанаушыларға арналған SkiPass тарифтері төмендегідей болды:

– Таңғы уақытта (08:30–13:30): балаларға – 3 000 теңге, ересектерге – 11 500 теңге;

– Толық күн (08:30–18:00): балаларға – 6 000 теңге, ересектерге – 15 500 теңге;

– Түнгі сырғанау (19:00–23:00): балаларға – 3 000 теңге, ересектер – 10 500 теңге.

Екі аптаға қойылған жаңа тарифтер:

– Таңғы уақытта (08:30–13:30): балаларға – 7 000 теңге, ересектерге – 19 500 теңге;

– Толық күн (08:30–18:00): балаларға – 10 000 теңге, ересектерге – 26 000 теңге;

– Түнгі сырғанау (19:00–23:00): балаларға – 8 000 теңге, ересектер – 22 000 теңге.

Медеуден Шымбұлаққа дейін аспалы арқан жолмен көтерілу қызметінің құны да біршама өскен.

Нысан әкімшілігінің мәліметінше, курортқа келушілер саны тым көбейген сәтте тарифтерді көтеруі – бұл әлемдік тәжірибе.

– Әлемде тау курорттарында сырғанау және демалу арзан тұрмайды. High season тарифі – курорттағы жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін клиенттер санын нарықтық жолмен реттеуге мүмкіндік беретін әлемдік тәжірибе, - деп мәлімдеді Шымбұлақ.

Сондай-ақ тау-шаңғы курортының әкімшілігі қашан ақша үнемдеп, сырғанауға және демалуға болатынын түсіндірді. Ол үшін нысанға high season кезеңінен басқа уақытта бару қажет. Бұл уақытта жеңілдігі бар тарифтер қолданылмайды.

– Қаржы үнемдеудің ең айқын жолы – курортқа адам аз баратын күндерді таңдау. Көптеген халықаралық курорттар сияқты Шымбұлақ «low / regular / high season» жүйесі бойынша жұмыс істейді. Сұраныс төмен маусымда сырғанау бағасы орта есеппен 30%-ға дейін төмендейді, - деп хабарлады курорт.

Курорт мәліметінше, high season кезеңінен басқа кездегі жұмыс күндері зейнеткерлер (тек Қазақстан азаматтары) және мүмкіндіктері шектеулі адамдар курортқа тегін кіре алады. Ол үшін растайтын құжаттың болуы міндетті. Сондай-ақ көп балалы отбасылар, ардагерлер және басқа да әлеуметтік осал топтардың өкілдері жұмыс күндері билетті жеңілдікпен ала алады.