WhatsApp арқылы 35 млн теңгеге алаяқтық жасаған әйел ұсталды

Фото: ашық дереккөзден

Мұнайлы ауданында WhatsApp мессенджері арқылы адамдарды 35 миллион теңгеден аса сомаға алдаған әйелдің соты өтті.

Мұнайлы аудандық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір тұрғыны WhatsApp-та «Ырысы бар Арзан Посудалар», «Арзан Ыдыс Балжан Актау» деген атаумен топтық чаттар ашып, онда ыдыс-аяқ сататыны туралы хабарландырулар жариялаған.

Ол аталған чаттарға туыстарын, таныстарын және қатарластарын қосып, топтарды өзі басқарған. Чаттағы жарнамаға сенген жәбірленушілер оған ақша аударып отырған. Нәтижесінде сотталушы алты жәбірленушінің сенімін пайдаланып, оларды жаңылыстырып, ақшаларын иемденген. Осылайша 35 миллион теңгеден аса материалдық шығын келтірген, деп хабарлады сот.

Сотталушының кінәсі оның кінәсін мойындаған жауабымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің көрсетулерімен, түбіртектермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденгені айтылды.

Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының кінәсін толық мойындауын, шынайы өкінуін, сондай-ақ асырауында төрт кәмелетке толмаған баласының барын таныды. Ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың қауіпті қайталануы анықталды.

Сот үкімімен әйел ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (Алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. ҚР ҚК 60-бабының 1 және 4-бөліктеріне сәйкес, түпкілікті жаза 7 жыл бас бостандығынан айыру болып белгіленді. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейді. ҚР ҚК 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, асырауында кәмелетке толмаған балалары болуына байланысты, оған қатысты бас бостандығынан айыру жазасын орындау 2 жылға кейінге қалдырылды, деп түйіндеді сот.