Шымкентте тағы бір жаңа жедел қызметтер кешені ашылды

Шымкент қаласының Сауле шағынауданында өртке қарсы қызмет, жедел медициналық жәрдем және полиция бөлімшелерін бір орталыққа біріктірген заманауи әмбебап жедел қызметтер кешені іске қосылды. Нысанды Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Кеген Тұрсынбаев ресми түрде ашып берді.

Орталық аумағында №11 өрт сөндіру бөлімі, полиция бекеті және жедел жәрдем бригадасы орналасқан. Толыққанды жұмыс істеу үшін қызметтік бөлмелер, ГДЗС бекеті, оқу сыныбы, асхана, оқу-жаттығу мұнарасы және спорт алаңы қарастырылған. Сонымен қатар екі арнайы техникаға арналған гараж және сыртта көлік қоятын арнайы орын қарастырылған. Жаңа депо жедел қызметтердің жету уақытын едәуір қысқартып, жалпы халық саны 74 868 адамды құрайтын сегіз елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа кешеннің құрылуы мегаполистің қауіпсіздік жүйесін нығайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайларға жедел әрекет ету қабілетін арттыруға бағытталған. Қызметтердің интеграцияланған үлгіде орналасуы бірегей алгоритм бойынша үйлесімді жұмысты қамтамасыз етіп, шақыру орнына жету уақытын айтарлықтай қысқартуға және халыққа көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.