Жас ғалым цикорийдің диабетке қарсы қасиетін дәлелдеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, жас ғалым Айжамал Байсейітова цикорий өсімдігінің қасиетін жан-жақты зерттеп, оның диабетке қарсы тиімді әсері бар екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеді.

Зерттеу барысында цикорий құрамындағы биологиялық белсенді заттардың қандағы қант деңгейін төмендетуге, сондай-ақ зат алмасу процесін реттеуге оң ықпал ететіні анықталды. Сонымен қатар  адам ағзасында стресс әсерінен пайда болатын радикалдарға қарсы антиоксиданттық белсенділігі бар екенін де дәлелдеді. Бұл өсімдіктің денсаулықты нығайтудағы әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.

Ғалымның айтуынша, қазіргі таңда аталған ғылыми жоба аясында халықаралық ғылыми журналдарда екі мақала жарияланған.

«Біздің мақсатымыз – емдік қасиеті бар өсімдіктер арқылы адам ағзасында жиі кездесетін ауруларға қарсы биологиялық белсенді қоспалар әзірлеу. Қазіргі уақытта цикорий өсімдігінің фитохимиялық және фармакологиялық қасиеттерін зерттеп жатырмыз. Бүгінге дейін оның диабетке және стреске қарсы белсенділігі анықталды. Алдағы уақытта вирустар мен бактерияларға, соның ішінде тұмау ауруына қарсы әсерін зерттеуді жоспарлап отырмыз», – дейді жас ғалым.

Аталған инновациялық жоба бойынша ҚазҰУ ғалымдары патент алған. Болашақта цикорий негізінде дайындалған өнімдер биологиялық белсенді қоспа және емдік шай ретінде өндіріліп, отандық нарыққа шығару көзделеді.

Айжамал Байсейітова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Химия және химиялық технология факультетінде дәріс береді. Сонымен қатар университет жанындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында қызмет атқарады. Ол Оңтүстік Кореядағы Кёнсан ұлттық университетінде магистратура мен докторантурада білім алып, докторлық дәрежесін сәтті қорғаған.