Қазақстанда биыл 100 заң қабылданды

Биыл депутаттар 100 заң қабылдаған. Бүгін Мәжіліс жылды қорытындылады.  Халық қалаулылары сайлаушылардың мүддесіне жұмыс істедік дейді. Жыл ішінде қандай маңызды нормалар қабылданды? Қай министрлік мәжілісмендердің көңілін тапты? Үкіметтің жұмысын 3-ке бағалаған депутат кім? Тілші Айсәуле Съезбек тарқатады.

Депутаттар жыл соңына дейін талқылап, таласып,  8 заңды бүгінгі қорытынды отырыста бір-ақ қабылдады. Кезекте құрылыс кодексіне қатысты өзгерістер. 2 жыл бойы қаралған заң 70 процентке өзгертілген. Жаңа нормаға сай нысанға кепілдік 10 жылға дейін ұзартылды. Мемлекеттік бақылау 2 жыл бойы жүргізіледі. Мәжіліс банк туралы заңды да мақұлдады.  Енді онлайн несие мүлдем берілмейді. Барлық құжаттарға азамат  өзі барып қол қоюы қажет. Бұл алаяқтықтың алдын алу үшін жасалып отыр.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Азаматтар келісім-шарт толтырып,   электронды қолтаңбаға рұқсат бермесе, алған қарызын толық жоққа шығара алады.  Қаржы ұйымдары Ұлттық банктің бақылауымен ғана несие беруі тиіс. Банк мәселелері бойынша көптеген арыз-шағымдар түсті. Алайда соңында біз 28 ұсынысты енгіздік. Олардың 18-і банк заңы бойынша, 10-ы цифрлық кодекске қатысты болды.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Мәжілісте бүгін жылдың қорытынды отырысы өтті. Парламент төрағасы Ерлан Қошанов биыл 100 заң қабылданған жемісті жыл болды деп түйіндеді. Оның 24-іне депуттар бастамашы болған. Қоғам үшін аса маңызды су, бюджет, салық, құрылыс, цифрлық кодекстер бойынша жұмыс толық аяқталды.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мәжіліс депутаттары Президент  айтқан барлық міндетті мерзімінде жүзеге асыра алды. Біз биыл Президент алдымызға қойған  міндетті мерзімінде жүзеге асыра алдық. Қабылданған заңдар мемлекетіміздің одан әрі дамуына жағдай жасап, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері анық. Нормалардың бірқатарын депутаттардың заңнамалық бастамалары арқылы іске асырдық. Бұл құжаттарда халық пен мемлекет мүдделерінің теңгерімі қамтамасыз етіліп, бизнесті дамытуға жағдай жасалды. Келесі жылы да осы қарқынды сақтауымыз қажет.

Қазақстан қоғамында биыл «Заң мен тәртіп» үстемдік құрды. Әлеуметтік кеселге айналған лудомания бойынша жаңа нормалар енді. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынды. Некеге мәжбүрлеу де заңмен реттелді. Қыз алып қашқандар 7 жылға сотталады. Онлайн алаяқтарға  тұсау салу үшін, дропперлерге қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Адам басына ең көбі 10 абоненттік нөмір тіркелетін болды.  ЛГБТ пропагандасына тыйым салу, креативті индустрияны қолдау, жасанды интеллект туралы заң жобалары да Мәжілістің мақұлдауынан өтті.

ЕЛНҰР БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Парламент өзінің жұмысын сәтті атқарды деуге толық негіз бар. Негізгі заң жобаларының бәрін қабылдадық. Бүгінгі таңдағы 1500 депутаттық сауалдың 700-ден астамы әрбір екінші депутаттық сауалды оқыған «AMANAT»  партиясы. Қабылданған, бастамашылықпен жасалған 98 заңның 88-інің авторы да «AMANAT»  фракциясы.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Елдің көтеріп жүрген, сайлаушыларымыздың айтып жүрген заңдары қабылданды. ЛГБТ, фонограммаға байланысты, олимпиадаларда орын алған балаларды қолдау, Болашақ бағдарламасы болсын, грант алу мәселесі болсын бұл да парламент депутаттарының қолдап, қабылдаған заңдарының ішінде бар. Біздің қоғамға, мемлекетке қажетті заңдар қабылданды.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Жауаптарына қарасақ, депутаттардың өз жұмыстарына көңілі толатын секілді. Ал Үкіметтің 2025-тегі қызметін біразы сынады. Ең үздік деп Денсаулық сақтау министрілігін, ал сұрақтарымызға мардымды жауап бермеді деп Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерін атады.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Үкіметтің жұмысына мен әзірше 3 деген баға қоя аламын. Нақты бір министрлікке сен жақсысың деп айта алмаймын. Бірақ түзеліп тұрған министрліктер бар. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігін алыңыздар. 3-4 министр бұдан бұрын жасамаған өзгерістерді өзгертті. Қазір МӘМС жүйесі басқаша жұмыс жасап отыр. Бұрынғыдай ақшаны жеу дефект деп есептелмейді. Бұл қылмыс болып есептеледі. Құқық қорғау органдарына жіберіледі.

Биыл депутаттар қол жеткізе алмаған өзгерістер де бар. Мәселен  тұтынушылар құқығына байланысты наразылық көп. Кезінде авиабилеттердің құнын қайтармайтын заң шығарып алған лоббистерді жеңу қиын болып тұр. Заңның қабылдануы- бір күш. Ендігі мәселе оның орындалуында. Халық арасында жаңа заңдарды түсіндіру, жүзеге асуын қадағалау да біздің назарда деді, - депутаттар.