Елімізде 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы 10 пайызға өседі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 мың 596 теңгеге артса, ең жоғары базалық зейнетақы 60 мың 5 теңге болады. Бұдан бөлек, 1, 2, 3-бала дүниеге келгенде төленетін жәрдемақы 149 мың 416 теңгеден 164 мың 350 теңгеге дейін, ал 4 және одан да көп бала туған жағдайда – 247 мың 716 теңгеден 272 мың 475 теңгеге дейін ұлғаяды. Балалар санына байланысты белгіленетін жәрдемақы да көбейеді. Енді 4 баласы бар отбасылар үшін 63 мың 30 теңгеден 69 мың 330 теңгеге дейін, ал 10 баласы бар отбасылар үшін 157мың 280 теңгеден 173 мың теңгеге дейін артады. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 101 мың 702 теңгеден 111мың 872 теңгеге, II топ үшін – 81мың 362 теңгеден 89 мың 498 теңгеге, III топ үшін – 55 мың 474 теңгеден 61 мың 21 теңгеге өседі.