Павлодарда "қамқор" басшы жазаланды

Павлодарда Успен аудандық кірістер басқармасының бас маманы ішімдікке сылқия тойып алып, көлік басқарған. Алайда, бастығы жүгенсіз жүргізушіні жұмыстан шығарудың орнынан қатаң сөгіс беріп құтқарып қалған. Мемлекеттік қызметшінің имиджіне нұқсан келтірген маманға жалпақ шешейлік танытқан басқарма басшысының тәртібі әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Кеңес мүшелері басқарма басшысының бұл әрекеті заңға қайшы екенін алға тартып, басшыны қызметіне лайық емес деп таныды. 

ЕРҚАНАТ ӘБІСАЛЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Басқарманың бас маманы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608 бабын бұзғаны үшін жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алынған болатын. Бұл арада басқарма басшысы Байболова 2025 жылдың 2 маусымындағы бұйрығымен көрсетілген қызметші 2025 жылдың 28 мамырындағы өтінішімен 20 маусым аралығында еңбекақысы сақталмайтын демалыс берілген.

Басқарма басшысы осылайша қол астындағы қызметкердің теріс қылығын жасырмақ болса керек. Айта кетерлігі, Успен аудандық кірістер басқармасының бас маманы бұған дейін де мемлекеттік қызметшінің әдебін бұзғаны үшін жұмыстан қуылған. Ол кезде аудан әкімінің орынбасары қызметінде болды. Ол жолы  мас күйде әйелін ұрып, соққан.