Түркістан қаласының полицейлері аса ірі көлемдегі ұрлық фактісін анықтады.
Полицияның хабарлауынша, бір үйде тұратын келін енесінің 8,5 миллион теңге тұратын алтын әшекейлерін ұрлап, оларды ломбардқа өткізіп жіберген.
Полиция бұл оқиғаны «пәтер ұрлығы» ретінде тіркеген.
Ресми мәлімет бойынша:
«Арыз түскен бойда тәжірибелі жедел уәкілдер арнайы топ құрып, тергеу жұмыстарын бастап кетті. Ұрлыққа күдікті ретінде жәбірленушінің келіні анықталды. Ол мамыр айынан бері үйден бірнеше рет алтын мен ақшалай қаражат ұрлап отырған. Жалпы шығын көлемі 8,5 миллион теңгені құрайды. Ұрланған алтындарды күдікті ломбардқа өткізіп, алынған қаражаттың барлығын құмар ойындарға жұмсаған», – делінген Түркістан облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.