Жаңа жыл қарсаңында үйлерін безендірген теріскейліктер көпшілікті таңғалдыруда

Теріскейліктер үйлерінің сыртын түрлі түсті шамдармен қаптап, сәндеп, әрлеп, жаңа кейіпке енгізуде. Өңірдегі елдімекен тұрғындары өзара сайысқа түсуде. Пилипенколар отбасы да игі іске атсалысып, жеке үйіне мерекелік әр берген.  Жаңажылдық атмосфера үшін герлянданың жүздеген метрі жұмсалыпты.  Тіпті гараж бен моншасын да безендіріп қойған. 

ЕКАТЕРИНА ПИЛИПЕНКО, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Герляндаларды сатып алуға көп ақша кеткен жоқ. Былтырғыдан қалғандары да бар. Соған шамалы тағы қостық. Нәтижесінде осындай әдемі көрініс шықты. Жолдасым екеуіміз біраз тер төктік. Біз осылайша балаларға да, өзімізге де жаңа жылдық көңіл күй сыйлаймыз.

Билік өкілдері жарқ-жұрқ еткен шамдарға  емес, ауладағы түрлі фигураларға да мән беретінін айтып отыр. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы әзірленген, ал жүлдегерлерге тұрмыстық техника табысталмақ. Байқау қорытындысы 31-желтоқсанда шығады.

ДАСТАН КӘРІБАЕВ, ТАЙЫНША АУДАНДЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мұндай байқаулар жаңажылдық атмосфераны сезінуге септігін тигізеді. Қазір байқауға қатысуға ынта білдіргендер көп. Жылдан жылға олардың қатары артып келе жатыр. Жуық арада үздік ауланы  анықтаймыз. Арнайы қомақты жүлде қоры тағайындалды.