Дертті қажырлы қайратпен жеңіп, тағдырдың сынағына сынбаған өрендер жасыл алаңда бас қосты. Елорда төрінде қатерлі дерттен айыққан, ағза трансплантациясын өткерген және ерекше даму қажеттілігі бар балалар арасында футбол фестивалі ұйымдастырылды. Баласының доп теуіп, салауатты өмір салтын ұстанғанын көріп ата-ана мәз.
Бұл -жай ғана ойын емес, бұл -өмірге құштарлық. Жаңа жыл қарсаңында өткен «Football for Life» фестивалі 60-қа жуық баланы біріктірді. Олардың арасында ағза трансплантациясын өткергендер де, аутизм немесе церебралды сал ауруымен күресіп жүрген өрендер де бар.
ШЫҢҒЫС ТЕМІРХАНОВ, ҚФФ ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР КУРАТОРЫ:
Бүгін қатерлі ісікті жеңіп шыққан, трансплантациядан өткен балаларға, сондай-ақ аутизм және Даун синдромы бар балаларға арналған керемет футбол фестивалі өтуде. Инклюзияны дамытуға «Жеңіс» футбол клубының қыздары да қолдау көрсетіп жатыр. Бұл үлкен мереке болмақ. Турнирге барлығы 8 команда қатысады. Біз бұл турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді деп үміттенеміз.
8 командаға бөлінген 10-15 жас аралығындағы жеткіншектер кәсіби жаттығуларды орындап, командалық рухты сезінді. Ұйымдастырушылар әр баланың физикалық мүмкіндігін ескеріп, ойынды барынша қолжетімді еткен.
АЙЖАН ТҰРСАЛИЕВА, АТА-АНА:
Сахарный диабет 1 ші типпен балам ауырады сол қант деңгейін тұрақтандыру үшін қимыл керек бізге сол үшін футболға бергенбіз ойнау үшін, денсаулығына өте пайдалы.
АЛИЯ БЕЙСЕМБАЕВА, АТА-АНА:
Менің аутизм диагнозы бар ұлым екі жылдан бері футболмен айналысып келеді. Біз осындай мүмкіндік жасағаны үшін Футбол федерациясына, сондай-ақ осы маңызды әрі қажет жобаларды жүзеге асырып отырған қоғамдық қорларына шынайы алғысымызды білдіреміз.Футбол біздің өмірімізде ерекше орын алады. Алдияр үшін футбол — жай ғана спорт емес, оның өмірінің маңызды бөлігі, қуаныш пен дамудың көзі.
Қоғамдық қорлардың қолдауымен бұл жердегі балалар футбол үйрімелеріне тегін қатысады. Бұл мереке — үлкен үміттің бастауы.