Үйден алтын бұйымдарды ұрлаған келін ақшаны құмар ойынға жұмсаған

Ұры алыстан келмеді. Түркістанда полицейлер үйінен  алтын ұрлаған келінді ұстады.  Полиция басқармасына арызданған жергілікті тұрғын өз үйінен алтын бұйымдары мен қаражатының шетінен ұрланып жатқанын айтып, арызданған. Осыдан кейін  тәжірибелі жедел уәкілдерден арнайы топ құрылып, тергеу амалдары жүргізілді. Нәтижесінде ұрлыққа күдікті ретінде өзге емес, үй иесінің  келіні екені анықталды. Полицияның дерегінше, ол биыл мамыр айынан бері үйден түрлі мөлшердегі алтын әшекейлер мен қолма-қол ақшаны жасырын түрде ұрлап келген. Сөйтіп жәбірленушіге  8,5 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Ал ұрланған алтын бұйымдарды ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны түгелдей құмар ойындарға жұмсағаны айтылуда. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.