Комиссия қазақстандық спортшылардың XXV қысқы Олимпиада ойындарына арналған киімдерінің эскизін бекітті

Қазақстандық спортшылардың XXV қысқы Олимпиада ойындарына арналған киім-кешектер жиынтығы 22 атауды қамтиды. Бұл туралы ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министр техникалық талаптарды, макеттерді және жеткізілетін спорттық киім-кешекті бақылауды үйлестіру мақсатында Ұлттық Олимпиада комитеті, ведомстволық бағынысты ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ белгілі спортшылардың қатысуымен жұмыс комиссиясы құрылғанын атап өтті. Комиссия спорттық киім-кешектің эскизін бекітті, қазір ол Халықаралық Олимпиада комитетімен келісілуде.

Киім-кешек жиынтығына спортшылардың ашылу және жабылу салтанатына қатысуға арналған киім формасы, сондай-ақ спорттық іс-шара кезінде пайдалануға арналған жылы сырт киім кіреді.

Сондай-ақ спорттық жаттығуларға, дене қыздыруға және күнделікті қолдану үшін спортшыларға арналған жаттығу және күнделікті киімдер кіреді.

«Жалпы, спорттық киім-кешектер жиынтығы 22 атауды қамтиды. Форма бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынды», — деді Ербол Мырзабосынов.