Биыл Мемлекет басшысы 95 Заңға қол қойып, 23 елге сапармен барды

Биыл Мемлекет басшысы 95 Заңға, 388 Жарлық, 80 Өкім мен 22 отырыс хаттамасына, 3504 қызметтік құжатқа қол қойды. Олардың қатарында Бюджет, Салық, Су кодекстерінің жаңа редакциялары мен «Жасанды интеллект туралы» Заң бар. Сыртқы саясаттағы белсенділік те жоғары. Жұмыс кестесі тығыз болды, 23 рет шекара асты Біздің елге атбасын бұрған басшылар да аз емес. 30 мейманды қарсы алдық. Осындай байланыстың арқасында 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісім жасалды. Экономика өсті, жұмыс қарқын алды.

Биыл саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруларға толы жыл болды. Ең бастысы, халықтың тұрмыс-тіршілігінде оң өзгерістер орын алды. Жаңа өндіріс орындары ашылып, қамба астыққа толды. Тұрғын үйлер, мектеп пен ауруханалар салынып, көлік жолдары жаңартылды.

Экономикалық өсім 6 пайыздан асты. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстан тарихында тұңғыш рет ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллардан асады. Елімізде жалпы құны 1478 миллиард теңге болатын 185 жоба пайдалануға берілді. 22,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Өндіріс көлемі 2,3 триллион теңгеге жуықтайды.

Мемлекет басшысы 95 Заңға, 388 Жарлыққа, 80 Өкім мен 22 отырыс хаттамасына, 3504 қызметтік құжатқа қол қойды. Олардың қатарында Бюджет, Салық, Су кодекстерінің жаңа редакциялары мен «Жасанды интеллект туралы» Заңды ерекше атап өтуге болады.

Осы жылы Жұмысшы мамандықтарға ден қойылды. Мемлекет басшысы жыл бойы өндірісте еңбек ететін қызметкерлерді Ақордада қарсы алып, ерекше құрмет көрсетті. Республика күні қарсаңында өнеркәсіп және құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген 500-ге жуық азаматқа жоғары марапат табысталды. Олардың 138-і – еңбек династиясының өкілдері.  130-дан астам педагог пен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі тығыз болды. 9 өңірге жұмыс сапарымен барып, 50-ден астам өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени нысанды аралады. 16 облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің есебін тыңдады. Бір жыл ішінде Президент аймақтарға және шет мемлекеттерге жасаған сапары барысында 168 960 шақырым жол жүрді. 252 сағат уақытын ұшақта өткізді.

Бір жылда 12 ай болса, Президент 23 мемлекетке атбасын бұрған. Оның ішінде ТМД және Орталық Азия елдері, Қытай мен Түркия, АҚШ, Жапония сияқты ірі экономикалық орталықтар, сондай-ақ ислам әлемі мен Шығыс бағытындағы мемлекеттер бар. Бұл Қазақстанның дәстүрлі көпвекторлы сыртқы саясатының сақталғанын көрсетеді. Яғни ел бір ғана геосаяси полюске байланбай, түрлі аймақтармен тең дәрежеде диалог жүргізуді жалғастырып отыр.

Қазақстан халықаралық диалогтың белсенді алаңына айналды. 2025 жылы шет мемлекеттердің басшылары Қазақстанға 30 рет cапармен келді. Өзге Президенттермен 43 мәрте телефон арқылы сөйлесті. 4 ресми рәсім барысында 30 мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Халықаралық кездесулер кезінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісім жасалды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Президент Әкімшілігіне 82,5 мың өтініш келіп түсті.