Елордада Мемлекеттік кеңесшінің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Ерлан Қарин Президент бастамашы болған парламенттік реформа мемлекеттік құрылыстың «Күшті Президент –ықпалды Парламент –есеп беретін Үкімет» негізгі формуласы аясындағы ауқымды саяси жаңғырудың қисынды жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші алдағы парламенттік реформа заң шығару қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталғанын еске салды. Отырыста парламенттік реформаға қатысты ұсыныстарды жинақтап, жүйелеудің аралық қорытындылары қаралды. Сонымен қатар болашақ бір палаталы Парламенттің заң шығару қызметінің негізгі бағыттары талқыланды. Жиында сарапшылардан, қоғам белсенділерінен жинақталған ұсыныстар да талқыланды. Атап айтқанда, e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» арнайы бөліміне 400-ден астам ұсыныс келіп түсті. Ерлан Қарин отырыстар аралығындағы кезеңде парламенттік реформаға қатысты жаңа ұсыныстар мен бастамалар бойынша ортақ көзқарастарды қалыптастыру үшін ауқымды, мазмұнды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Жиын қорытындысы бойынша Жұмыс тобының жетекшісі –Мемлекеттік кеңесші келіп түскен ұсыныстардың барлығын жинақтап, жан-жақты талдауды тапсырды. Парламенттік жүйені жетілдіруге қатысты тәсілдерді әзірлеу ісі Жұмыс тобының алдағы отырыстарында кезең-кезеңімен жалғасады.