2025 жыл қазақстандықтар үшін тұрақты болды. Ұлттық талдау орталығы өткізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі осындай. Респонденттердің 52 проценті жыл жайлы болды деген. Ал 11 проценті сәтсіз деп бағалады. Халықтың 37 проценті үшін табысты жыл ретінде есте қалыпты. Биыл ел өмірінде қандай айтулы оқиғалар болды? Есте ерекше қалғандары қайсы? Тілші Айсәуле Съезбек тізіп шықсын.
2025 жыл қазақстандықтар үшін «футбол жылы» болды десек, қателеспеспіз. Ақпанда Ақтөбе мен Қайрат суперкубокқа таласып, тартысты ойын көрсетті. 2:0 есебімен ұтқан Қайрат кейін Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде аңыз команда Реал Мадридпен кездесті. Алматыға реалдықтардың келуі де қызу талқыға түскен айшықты оқиға болды. Мбаппе бастаған танымал футболистермен ойында үздік сейвтерімен Шерхан Қалмұрза көзге түсті. Бұл ойын күллі қазақстандықтардың аяқдопқа деген махаббатын оятты. Дастан Сәтбаев, Темірлан Анарбеков, Шерхан Қалмұрза есімдері ел аузынан түспеген жыл болды.
Мерейтойлық шаралар да көп болды. Мамырда Жеңістің 80 жылдығы республика көлемінде тойланды. Соңғы 5 жыл бойы тоқтап қалған әскери шеру өтті. Оған 400 мың әскери қызметкер, 200 мыңнан аса техника, 66 ұшақ пен тікұшақ қатысты. Шара күштік құрылымның айбарын көрсетті. Абайдың 180, Конституцияның 30 жылдығы да дүркіреп өтті. Мейрамға орай жарияланған рақымшылықтың шапағатын 17 мың сотталушы көрді.
Жылдың ең даулы ісі қой терісін жамылған экс-волонтер Перизат Қайраттың соты болды. 2021 жылдан бері қайырымдылықпен айналысқан бойжеткен халық жинаған 1,5 млрд теңгені қолды етті деп айыпталды. Бұдан кейін қоғам белсенділері қайырымдылыққа қаржы жинаудың тәртібі болуы керек десті.
Биыл «Заман көшті» десті бәрі. Мұхтар Мағауин, Талғат Мұсабаев, Дулат Исабеков, Әкім Тарази, Күләш Ахметов, Асанәлі Әшімов секілді тау тұлғалар өмірден озды. Олардың артында мәңгі өшпес рухани мұралары қалды.
Мәдениет пен өнерде де елеулі сәт көп болды. Тамызда әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопес алғаш рет Қазақстанда концерт қойды. Шоудың елге қызық болғаны сонша – билет 30 минутта таусылды. Ал қазанда Димаш Құдайберген Американың әлемдік музыка символына айналған Madison Square Garden-да жеке концерт берді. Ол отандық әртістердің ішінде бұл сахнада 20 мыңға жуық көрермен жинаған алғашқы қазақ атанды.