Оралдық майдангерлерге құрмет көрсетілді

Ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен соғыс ардагерлеріне ұдайы құрмет көрсетіліп келеді. Бүгінде Оралда ІІ жаһан соғысына қатысқан 6 майдангер қалған. Оның  дені-ғасыр жасаған қариялар. Жас кезінде  от кешкен ардагерлер бейбіт күнде де тынбай еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне белсене араласып келеді. Бүгінде оларды әскерилер арнайы құттықтаса, жергілікті атқарушы органдар да мейрам-мерекеде ұмыт қалдырған емес. Майдангерлерге 9-мамыр - Жеңіс мерекесіне орай 2 миллион теңге көлемінде бір реттік сыйақы берілді. Бұған қоса ай сайын 20 мың теңгеден әлеуметтік көмек төленеді. Сонымен қатар әлеуметтік қызметкерлер де  бекітіліп, шипажай-курорттарда демалу мүмкіндігі де қарастырылыпты.

АЙДАНА КЕҢЕСОВА, ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Ардагерлерді қолдауға арналған әлеуметтік жобамыз бар. Алаяқтық дамыған заманда соның алдын алу бойынша осы біздің ардагерлерімізге компьютерлік сауаттылық бойынша мастер кластар өтті. Телефон бойынша, Каспиден қалай төлеу керек? Қалай алданып қалмауға болады деген бойынша өтті. Сонымен қатар азық-түлікпен көмек, дәрі-дәрмекпен көмек, мерейлі және атаулы даталарға құттықтаулар секілді көптеген шаралар өткізілді.