Мәулен Әшімбаев параспортшылармен кездесті

Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев Федерация ұжымымен және параспортшылармен кездесті. Онда биыл атқарылған жұмыс қорытындыланып, алдағы міндеттер талқыланды.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысы елімізде мүгедектігі бар азаматтар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бұл бағытта кешенді реформалар іске асырылып, мүдделі тараптармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Инклюзивті қоғам құру жолындағы осындай өзара іс-қимылдың маңызды жетістіктері мен нәтижелерінің бірі Астанада Инклюзивті спорт орталығының ашылуы екені сөзсіз. Жаңа кешен ерекше қажеттілігі бар балаларға өз мүмкіндігін жүзеге асырып, жаңа достар табуға ықпал етеді және ортаға, ересек өмірге бейімделуге жол ашады.