Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында көлік-логистика саласын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, еліміздің географиялық орналасуы оны Еуразия кеңістігіндегі маңызды транзиттік торапқа айналдыруға толық мүмкіндік береді.
Еліміз үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Қазақстан Еуразия құрлығының кіндік тұсында, яғни негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерде орналасқан. Бұл – үлкен артықшылық, біз оны ел игілігіне жарата білуге тиіспіз. Мақсат-мүддемізге сәйкес Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы, яғни хабы ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобаларға да жеке тоқталды. Соның ішінде «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралінің іске қосылуы ерекше мәнге ие.
Жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралі Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерін салу жоспарымызда бар. Жалпы, 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржолды салып, жаңғырту және 11 мың шақырым теміржолды жөндеу көзделіп отыр, – деді мемлекет басшысы.
Президент ел ішіндегі көлік қатынасының тиімділігін арттыруға бағытталған «Орталық – Батыс» күре жолының да стратегиялық маңызын атап өтті. Бұл жоба елорда мен батыс өңірлер арасындағы қашықтықты 500 шақырымнан астам қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның халықаралық деңгейдегі көлік жүйесін қалыптастыруда да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
Біз ел шекарасынан тыс жерді де қамтитын кең ауқымды көлік жүйесін құра алдық. Қазақстан мұхит жолдарынан тысқары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк терминалдарының желісін қалыптастырды. Қазіргі таңда еліміздің аумағы арқылы 12 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы осы бағыттар арқылы жүзеге асырылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы көлік және логистика саласындағы бәсекенің күшейіп келе жатқанын да жасырмады. Оның айтуынша, бұл сала бүгінде геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналған.
Көлік және логистика мәселесі қазір жоғары деңгейдегі халықаралық келіссөздердің күн тәртібіне біржола енді. Сондықтан бұл бағыт Қазақстан үшін де айрықша маңызға ие, – деді Президент.
Осы тұрғыда Қазақстанның «Бір белдеу – бір жол» бастамасына, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізіне және Транскаспий бағытына, яғни «Орта дәлізге» белсенді түрде қатысып отырғаны атап өтілді.
«Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағыты арқылы теңіз айлақтарына шығу жүк тасымалы үшін зор мүмкіндік береді. Біз «Орта дәліздің» дамуына Қытайдың қосылуын да құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласының тек инфрақұрылыммен шектелмейтінін, оның экономикадағы барлық дерлік секторды біріктіретін тірек сала екенін атап өтті.
Сондықтан Үкіметтің алдына заманауи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көлік-логистика тораптарын салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғырту, сондай-ақ тиімді цифрлық экожүйе қалыптастыру міндеті қойылды, – деді Президент.