Кентау қаласында жаңа жыл түні болған жарылыстан қаза тапқан 18 жастағы қыздың туыстары кінәлілердің жазалануын талап етуде. Айтуларынша, онда қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Онан бөлек тағы 4 адам зардап шеккен. Біреуінің жағдайы ауыр. 20 жастағы жігіттің денесінің 90 процентін күйік шалған.
Жойқын жарылыс бес қабатты үйдің астындағы қымызханада болған. Газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шыққан. Салдарынан сол жерде жұмыс істеген 18-дегі қыз қаза тауып, тағы төрт адам жарақат алды. Қыз екінші курс студенті болған. Туыстарының сөзінше, марқұм бұл жұмысқа бір ай бұрын ғана кіріпті. Сол күні түнгі он екіде оны алып кетуге барғандарын айтады. Алайда, жұмыс қызып жатқанын уәж қылған кәсіпкер кассада тұрған қызды жібермеген көрінеді.
ГҮЛЖАМАЛ СЕРЖАНОВА, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:
Мамасы мен сіңлісі тамақ алып барғанда газдың шығып тұрғанын ескерткен. Мына жерде газдың иісі шығып тұр деп айтқан. Одан кейін сол жерде бір емес бірнеше адам болған, олар да ескерткен газдың иісі қатты шығып тұр деп. Сол иесінің техникалық қауіпсіздікті сақтамағанының кесірінен осындай қайғы жұтып отырмыз отбасымызбен, әулетімізбен.
ЖАНДОС АЙМҰРЗАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:
Алдын алу керек еді. Енді осы жағдай болғаннан кейін ғана облыс бойынша, облыс төңірегі бойынша төтенше жағдайлар қызметкерлері енді тексерісті бастап, осындай нәрсені болдырмау үшін енді жұмыс жасап жатыр. Неге жұмыс жасамаған осы уақытқа дейін?
Жарылыс болған аумақ қоршалған. Сынған терезелер мен бүлінген жерлер қалпына келтіріле бастаған. Облыс әкімінің басшылығымен жедел штаб құрылып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
БАУЫРЖАН ӘБЕНҰЛЫ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Терезелер сынған. Барлығының жөндеу жұмыстары жүргізілді, ішінара клёнкамен қаптаған жерлердің бәрін істеп жатырмыз. Газ баллон жарылған. Қауіпсіздік шараларын сақтамағаннан болып тұр. Іс қозғалды.
Жарылыстан төрт адам жарақаттанған. Оның біреуі ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген 20 жастағы жігіт жансақтау бөлімінде.
АСҚАР ЖҰМАБЕКОВ, КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
Жағдайы тұрақты ауыр. Науқасқа медициналық авиация желісі бойынша комбуциолог және реаниматолог дәрігерлердің кеңесі ұйымдастырылды. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Қалған үш науқастың жағдайы жақсы. Оның екеуі – бала.