Халықтан 1,5 млрд теңге жинаған ерлі-зайыпты сотталды

Әлеуметтік желі арқылы баласының еміне миллиардтап ақша жинаған ерлі-зайыпты 7 жылға сотталды. Дәулет пен Толқын Тотақановтардың шындығы сотта ашылды. Олар қомақты қаржыны баланың еміне емес, сән-салтанатқа жұмсаған. Даулы іс туралы әріптесім тарқатып айтады.

Жұрттың сенімін пайдаланып, қайырымдылықты табыс көзіне айналдырған шулы іс бүгін аяқталды. Тотақановтар 4 жыл бойы Instagram арқылы баласының ауыр диагнозын айтып, елден ақша сұраған. Көз жасқа толы видеолар мыңдаған адамды сендірді. Нәтижесінде 1 жарым миллиард теңгеге жуық қаржы жиналған. Бірақ баланың еміне кеткені небәрі 6 жарым миллион теңге. Қалған ақшаға отбасы Астанадан бірнеше пәтер, қымбат көліктер алып, бренд киімдерге, шетелдік демалысқа, тіпті букмекерлік кеңселерге жұмсаған.

ТОЛҚЫН ТОТАҚАНОВА, АЙЫПТАЛУШЫ:

Құрметті сот. Менің әрекеттерімде жаман ниет болған жоқ. Біз байып кетуді мақсат еткен жоқпыз. Бізде элиталық пәтерлер де, қымбат көліктер де жоқ. Миллиардтаған қаржымыз жоқ. Тергеу де соны дәлелдеді. Прокурордың өзі біздің тек екі бөлмелі пәтеріміз бар екенін айтты, оның өзі банкте кепілде тұр. Бұл – отбасымыздың жалғыз баспанасы.

Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, Толқын Тотақанованы 7 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ кішкентай баласы болғандықтан, ол жазасын екі жылдан кейін өтейді. Ал Дәулет Тотақанов 7 жылға сотталып, сот залында бірден қамауға алынды.

ҚАНАТ ТОБАҒАЛИҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ ТЕРГЕУ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Сот қылмыстардың жиынтығы бойынша, жазаларды ішінара қосу арқылы үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша – 6 жыл, 218-бабы бойынша – 4 жыл 8 ай. Жазаларды ішінара қосу арқылы әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Заңнамадағы өзгерістерге байланысты, Тотақанованың кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескере отырып, сот жазаны өтеуді 2 жылға кейінге қалдырады.

Енді отбасы мүшелері 10 жыл бойы қайырымдылық үшін ақша жинай алмайды. Сотпен тыйым салынды. Жиналған қаражатқа алынған барлық мүлік тәркіленеді.