Алматыда 15-тегі жасөспірім мен оның ағасын ұрып, ақшасын тартып алған

Алматыда 15-тегі жасөспірім мен оның ағасын ұрып, ақшасын тартып алған. Оқиға қаладағы жанармай бекетінің бірінде болған. Салдарынан жасөспірімнің жақ тістері босап, миы шайқалған. Ағасының мұрны сынған. Аяусыз соққыға жыққан күдіктілер әлі күнге дейін бостандықта жүр. 

Жанармай бекетіндегі бейнебақылау камераларынан жәбірленушіні қуалап жүріп ұрғаны анық байқалады. Алдымен ағасын төмпештеп, артынша полиция шақырам деген інісін қоса сабаған. Онысымен қоймай анасы несие төле деп берген 53 мың теңгені тартып алған.

СЫМБАТ АРЫНОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:

Үлкен ер азаматтар ішіп алған. Ішіп алған болса да қаршадай баланы көруге болады ғой. Кіп-кішкентай, өзі әлсіз, басында ісігі бар. Денсаулығы жоқ. Дәрігерлердің учётында тұрған бала. Олар айтады. Біздің полиция басқармасында таныстарымыз бар. Істі жеңіл жауып қояды. Сендер ештеңе істей алмайсыңдар деп қоқам лоқы көрсетуде.

Жалғызбасты ана, қазір, бұған дейін де дәрігерлердің ерекше бақылауында болған баласын емдеумен әлек.  Мұрны сынып жатса да, барлық дәлел тапса да, күдіктілер әлі бостандықта деп ашынады.  Бірақ, полиция департаменті бұл істі жіті тергеп, әділ шешім қабылданады деп сендірді.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталмыш дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасымен қылмыстық кодекстің 109-шы бабының нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық іс аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Яғни балаға келтірілген дене жарақаттарының ауырлық деңгейін анықтау мақсатында сот-медициналық зерттеу тағайындалды. Соның нәтижесінде және кешенді тергеу әрекеттерінің нәтижесінде қылмыстық іс аясында процесуалдық шешім қабылданатын болады.

Кісіге қол көтеріп, мүлкін тартып алу - ауыр қылмыс. Жалғызбасты ана да күдіктілер жауапкершіліктен сытылып кетпесе деп алаңдаушылықпен отыр.