Қостанай облысындағы Красносельский ауылында ауыз су қымбат

  • AstanaTV
  • 09 қаңтар 2026

Тобыл өңіріндегі Красносельский ауылында ауыз су бағасы аспандап  тұр. Тұрғындар тіршілік нәрінің әр текше метріне 1500 теңге төлеп отыр.3 жыл бұрын елдімекенге жаңа су құбыры тартылған. Сол  тұста тариф 900 теңге болып бекітілген көрінеді.Көпшілік амалсыз көніпті. Бірақ жыл сайын қара судың құны шарықтап барады дейді тұрғындар.

ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:

Иә, ауылға су құбыры жеткенде көпшілік  бөркін көкке лақтырып қуанып еді. Тіпті әуелгі тарифке де келісе салған.  Алайда ауыз су бағасының көкке шарықтап кететінін ауыл тұрғындары білмесе керек. Қазір ай сайын 20-25 мың теңге  төлеп отыр.

Ауыл қырда тұр. Сондықтан тұрғындар құдық, ұңғыма қаза алмайтынын айтады. Судың құны қымбат болған соң жазда жайқалтып, бау-бақша өсіре алмайды. Қыста қорадағы төрт түлікті жарытып суармайды. Көбі амалсыз малын сатып жіберген.

БАҒИЛА ҚҰРМАНБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жылқы ұстадық. Сиыр, қой, ешкі ұстадық.Осы кішкене өмір сүрейік  деп мал ұстадық.Бірақ не керек енді қазір мал ұстамаймыз бәрін сатып жібердік. Бәрі қымбатшылық масқара  ғой. Су жоқ. Су болмаған соң қалай ұстайсың малды.

Қымбат тариф талай тұрғынды тығырыққа тіреп отыр.Әсіресе зейнеткерлер мен көп балалы отбасыларға қиын болды ,дейді.

МАРИЯ ЖИЕНБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Пенсиямыз жетпейді. Суымызды арзандатып берсін.Көпбалалы адамдар ауылда аз емес. Зейнеткерлер біраз бар.Жетпейді ол.Дәріміз бар. Тамағымыз  бар.Көп балалы аналарға тоже қиын.

АЛМАГҮЛ ТОЙҒАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Су өткізгенде қуанып ек. Енді құны қымбат.Үнемдеуге тура келеді. Басқа ауылдарда да су қымбат. Приозерный, Валерияновка деген ауылда.

Тарифтің бір бөлігін бұған дейін құбыр салған мердігер төлеп келген. Ол екі жыл қатарынан ел-жұртқа ауыртпалық түсірмей, судың текше метрін 918 теңгеден көтермеген. Су құбыры  аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне өткелі, тариф күрт өскен. Өйткені шығыны көп дейді билік өкілдері.

ДОНАС ЖАҚСЫЛЫҚОВ, БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН АУДАНЫ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Су құбыры отдел ЖКХ балансында. Оның алдында архитектура айналысқан құрылыс жүргізілген кезде. Март айында субсидияға тапсырамыз. Субсидия жарты жылға дейін қаралады. Біз құжат тапсырған соң. Субсидия берілген соң ауылда судың бағасы төмендейді.

Аудан билігі тариф түйткілін субсидия арқылы шешуді көздеп отыр. Егер оңынан шешілсе Красносельский тұрғындары ауыз судың текше метріне 60 теңге төлейді. Ауылдағы 500 отбасы тезірек сол күн туса екен деп тілеп отыр.