Автолизинг халыққа қолжетімді ме?

  • AstanaTV
  • 09 қаңтар 2026

Жеке азаматтарға арналған автолизинг жүйесінің пилоттық режимде іске қосылғанына екі ай болды. Бағдарламаның басты мақсаты автокөлікті сатып алуды халыққа қолжетімді ету. Жаңа тетік қалай жұмыс істеп жатыр, шарттары қаншалықты тиімді? Тақырыпты тілшіміз жалғастырады.

Бұған дейін лизинг тек заңды тұлғаларға қолжетімді еді. Енді жеке азаматтар да автокөлікті ай сайын төлем жасап пайдалана алады. Алайда көлік толық өтелгенге дейін лизингтік компанияның меншігінде қалады. Барлық тәуекел  пайдаланушының жауапкершілігінде. Мерзім соңында көлікті сатып алу, қайтару немесе ауыстыру мүмкіндігі бар.

АРДАҚ ДОСАНОВ, «KAZLEASING» ЛИЗИНГТІК КОМПАНИЯЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ЗТБ-НЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Автолизинг — бұл жалға алуға ұқсас, бірақ шарттары икемді автокөлікті пайдалану тәсілі. Ол адамның табысы мен көлікті пайдалану жоспарына қарай төлем кестесін таңдауға мүмкіндік береді. Процесі қарапайым: клиент дилерге немесе лизингтік компанияға барып, өзіне лайық көлікті таңдайды. Үшжақты келісім жасалып, лизингтік компания автокөлікті сатып алып, клиентке пайдалануға береді.

Автолизингте ай сайынғы төлем көліктің амортизациялық құнына байланысты өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар, лизингпен алынған көлікті пайдалануға қатысты бірқатар шектеулер қарастырылған.

ЕРІК НАДЫРОВ, АВТОСАЛОН БАСШЫСЫ:

Бастапқы жарна 40-30 пайыз төлеу керек және төлем ақысы аз болғандықтан көлік өз атына аударылмайды. Бір жылдық технический байқауда басқа жерге баруға болмайды. Тек автосалонның өзінен майын, суын ауыстырады. Ол сата алмайды, басқа біреуге бере алмайды. Інім, әйелім айдасын деу болмайды.

Мемлекет бастапқы жарнасыз тетікті ұсынғанымен, нақты талаптар бекітілмеген. Қазір лизингтік компаниялар алғашқы жарнаны өздері белгілеп отыр, ол 10 пайыздан басталады. Пилоттық жоба іске қосылғалы әзірге бір ғана адам автолизингті пайдаланған.

САНАТ НҰРБАЕВ, АВТОСАРАПШЫ:

Бұл жерде пайыздық мөлшерлеме жүреді деді ғой. Екінші деңгейлі банктер 25 пайызбен береді. Лизинг компания өзіндік пайызымен қосады. Бұл жерде пайызы өте қымбат болып кетіп тұр. Осы мәселелерді ескеріп үкіметтен субцсидия бөлініп, пайыздық мөлшерлеме түссе, алғашқы жарна төленбесе әрине халыө алып өз кәдесіне жаратар еді.

Халықаралық тәжірибеде автолизинг кеңінен қолданылады. Мәселен, АҚШ-та әр үшінші көлік лизинг арқылы алынса, Жапонияда бұл жүйе салықтық жеңілдіктермен қолжетімді. Ал Қазақстанда автолизингтің тиімді болуы — пайыздық мөлшерлеменің төмендігіне, шарттың ашықтығы мен төлемнің халық қалтасына сай болуына тікелей байланысты. Сарапшылар жаңа жүйеге біршама өзгерістер керек екенін айтады.