Әскерге өз еркімен баруға ниетті жастардың қатары артып келеді. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар 18 жасқа толысымен-ақ Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуді саналы таңдау ретінде қабылдап, әскери өмірге батыл қадам жасауда. Сол жігерлі жастардың бір тобы бүгінде Ұлттық Ұланның Астанадағы 6636 әскери бөлімшесінде сап түзеп, тәртіп пен төзімділікті өмірлік қағидасына айналдырып, ел тыныштығын күзету жолындағы алғашқы сынақтан өтуде.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Биыл ҚР Ұлттық ұланы құрылғанына 34 жыл. Ұлттық ұлан сарбаздары - тәртіп пен төзімділіктің, антқа адалдықтың айқын үлгісі. Дәл қазір біз 6636 әскери бөліміндеміз. Бұл әскери бөлімшенің құрылғанына - 65 жыл. Осы уақыт аралығында бөлімше ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.
Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас сарбаздардың бұл бөлімшеге келгеніне небәрі 15 күн ғана болған. Қазір олар ішкі тәртіп ережелерімен танысып, алғашқы теориялық дайындықтан өтуде. 24 желтоқсанда кәмелет жасына тола сала әскер қатарына шақырылған 18 жастағы Нұрсұлтан- үйінің жалғыз ұлы. Ата-анасын сағынғанын жасырмайды.
НҰРСҰЛТАН КЕҢЕС, ЖАС САРБАЗ:
Повестка келді. Үйдегілер жіберді армияға барып кел деп. Өз еркіммен келіп тұрмын армияға. Сағыну әрине бар. Бәрінде болады деп ойлаймын. Отанымның алдындағы борышымды өтеймін.
Әскердегі тәртіп - қатаң. Ұлттық ұлан сарбаздарына қойылатын талап та жоғары. Дегенмен, бұл нағыз ер азаматты қалыптастыратын мектеп. 65 жыл ішінде мыңдаған сарбаз дәл осы бөлімшеде борышын өтеп, кейбірі әскери қызметті өмірлік мамандыққа айналдырған. Әскер қатарында өзін жақсы қырынан көрсеткен азаматтар келісімшарт негізінде қызметте қалып, тегін әскери білім алу мүмкіндігіне де ие.
НҰРЛАН БАШЕНОВ, 6636 ӘСКЕРИ БӨЛІМ КОМАНДИРІНІҢ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің әскери бөлімге әр өңірден 150-ге жуық сарбаздар келіп жатыр. Олармен бірінші алғашқы әскери дайындық өткіземіз. Оның ішінде атыс алаңы, жарғылар сабағы, дене шынықтыру. Жас сарбаздарды әскери өмірге дайындап жатырмыз.
Әскери тәртіпке сай, сарбаздар туған өңірінен тыс аймақтарға жіберіледі. 6636 әскери бөлімшесінде 200-ден аса сарбаз бар. Олар еліміздің әртүрлі облыстарынан жиналған. Рота командирінің айтуынша, арасында өнерлі жастар да аз емес. Солардың бірі - 18 жастағы Бекжан. Ол Абайдың қара сөздерін жатқа айтып, өзі де өлең шығарады екен.
БЕКЖАН ҚАТЖАН, ЖАС САРБАЗ:
Осы жаққа келгеніме бір апта болды. Үй ішімді сағындым. Әкеме бір өлеңімді арнасам.
Жас сарбаздың жанарынан туған үйіне деген сағыныш сезіледі. Біз командирден Бекжанға анасына қоңырау шалуға рұқсат сұрадық.
Ұлттық ұлан бүгінде еліміздің 40-тан астам әскери бөлімінде мыңдаған сарбазды тәрбиелеп отыр. Әскери қызметке өз еркімен келетін жастардың қатары жыл санап артып келеді дейді сала мамандары.