Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында көлік құралдарын жалған, жасырылған, оқылмайтын немесе талапқа сай емес орнатылған мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерімен (МТНБ) пайдалану фактілері бойынша 900-ге жуық құқық бұзушылық анықталды.
Мемлекеттік нөмір белгісі — көлік құралының міндетті сәйкестендіру дерегі. Нөмір белгісі ұлттық стандарт талаптарына сәйкес орнатылып, тәуліктің кез келген уақытында анық көрініп, еркін оқылуы тиіс. Ластану салдарынан нөмір оқылмай қалса, жүргізуші оны уақтылы тазалауға міндетті. Ал МТНБ-сыз басқару, нөмірді әдейі жасыру/бұрмалау, сондай-ақ жалған немесе қолдан жасалған нөмір белгісін қолдану — Қазақстан Республикасының жол жүрісі қағидаларын және заңнамасын тікелей бұзу.
Іс-шара полиция департаменттері, көлік прокуратурасы және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалдарымен өзара іс-қимыл аясында ұйымдастырылды.
ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы бойынша келесі жауапкершілік қарастырылған (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК — 4 325 теңге):
- 1-бөлігі: оқылмайтын, стандарт талабына сай емес немесе белгіленген орыннан тыс орнатылған нөмірлер — 5 АЕК (21 625 тг).
- 2-бөлігі: мемлекеттік нөмір белгілерінсіз басқару (сондай-ақ бірқатар жағдайларда тіркелмеген көлік құралын басқару) — 10 АЕК (43 250 тг).
- 2-1-бөлігі (бір жыл ішінде қайталап): 20 АЕК (86 500 тг) немесе 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру (сот шешімімен).
- 3-бөлігі: көлік құралына көрінеу жалған немесе қолдан жасалған нөмір белгісін орнату — жеке тұлғаларға 15 АЕК (64 875 тг) (лауазымды адамдарға және бизнес субъектілеріне айыппұл мөлшері жоғары).
- 4-бөлігі: көрінеу жалған/қолдан жасалған нөмірмен, сондай-ақ нөмірді жасыратын, бұрмалайтын не тануға кедергі келтіретін материалдармен/құрылғылармен жабдықталған нөмірмен басқару — 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру (сот шешімімен).
Жүргізушілерді жолға шығар алдында мемлекеттік нөмір белгілерінің берік бекітілуін, тазалығын және оқылымдылығын міндетті түрде тексеруге шақырамыз.
Нөмірді әдейі «жасыруға» бағытталған пленка, жапқыш, рамка-шторка секілді құрылғыларды қолдану немесе жалған нөмір орнату қауіпсіздік тәуекелдерін күшейтіп қана қоймай, қатаң әкімшілік жауапкершілікке, оның ішінде қамаққа алу және жүргізу құқығынан айыру сияқты шараларға әкелуі мүмкін.