Су сапасына қатысты 70 мыңға жуық арыз түскен

Фото: Үкімет

Үкімет отырысының барысында сумен жабдықтау желілеріне қызмет көрсету және ауыз су сапасы туралы мәселелер қаралды.

Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың назарын өңір тұрғындарынан келіп түскен ауыз судың сапасы мен жиі берілмей қалуына, сумен жабдықтау желілерінің тозуына, сондай-ақ жөндеу жұмыстары мен іске қосу мерзімдерінің созылып кетуіне қатысты шағымдарына аударды.

Жақында ғана Орал және Теміртау қалаларының тұрғындары судың сапасына қатысты мәселе көтерді. Жалпы өткен жылы сумен жабдықтау мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға 70 мыңға жуық арыз-шағым түсті. Бұл өңір әкімдіктері не мердігер, не қызмет көрсетуші ұйымдармен қажетті деңгейде жұмыс жүргізбей отырғанын көрсетеді. Жаңадан қосылған сумен жабдықтау және су бұру желілерін тиісті дәрежеде күтіп-ұстау шаралары қабылданбайды, сондай-ақ ауыз су сапасының нормалары сақталмайды, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Осыған байланысты әкімдіктерге әрбір шағым бойынша тексеру жүргізіп, міндетін адал атқармаған ұйымдарға қатаң шара қолдану тапсырылды.

Мұнымен қоса, ескірген желілер, тұрғындар тарапынан сұраныстың өсуі, жаңа аудандардың салынуы қолданыстағы жүйелерді жаңғыртуды талап етеді. Сондықтан қызмет көрсету сапасын сақтай отырып, қамту ауқымын да кеңейту қажет. Жергілікті атқарушы органдар Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануы маңызды. Оның оң нәтижесі – желілердің тозу деңгейі азайып келе жатқаны қазірдің өзінде байқалып отыр. Осы бағытта жұмысты жалғастыру керек, — деп атап өтті Премьер-министр.