Олжас Бектенов суға ұқыпты қарау мәдениетін жастайынан қалыптастыру бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктері, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдіктеріне суды көп қажет ететін дақылдар бойынша егіс алқаптарының құрылымын суды пайдалану лимиттеріне қатаң сәйкестендіре отырып бекіту туралы бірқатар тасырма берді.
Су ресурстары министрлігінің алдына фермерлерге су беруге қатысты барлық шарттардың егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жөніндегі жол картасының индикаторларына сәйкес жасалуын қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруға ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында атап өткендей, суға және тұтастай алғанда, қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегіне айналуға тиіс, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Суға ұқыпты қарау мәдениетін жастайынан қалыптастыру үшін Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне аталған жұмысқа атсалысу тапсырылды.