50 жыл бойы ауыстырылмаған кәріз құбырлары қашан жөнделеді?

Елде ауызсу тапшы. Бар болғанның өзінде сапасы сын көтермейді. Соңғы кездері тұрғындар тарапынан шағым көбейген. Бір ғана жылдың өзінде 70 мыңға жуық арыз түсті. Шағым айтқандардың көбі сумен жабдықтау желілерінің тозғанына, жөндеу жұмыстарының созбаланға салынып кеткеніне наразы. Үкімет басшысы мұндай мәселенің барын жоққа шығармады. Өңір әкімдеріне ескерту жасап, қатаң тапсырма берді. Енді не өзгереді? Аружан Задабек толықтырады.

Тіршілік нәрі дегенде тұрғындар айтар тілек көп. Талаптың толассыз болуы да орынды. Өмір мәніне балайтын сұйықтықтың сарпылып, сұранысты қанағаттандыра алмай отырғаны жасырын емес. Дәл қазір 19 ауыл суды сырттан тасып ішіп отыр. Оған жеке құдығын пайдаланатын 219 елдімекенді қосыңыз.  Бәрінің жоқтауы бір.  Сарылдап аққан судын сылдыры арман болды деген ауылдастар осы мәселе шешілсе арқамыздан жүк түсер еді дейді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бұл өңір әкімдіктері не мердігерлермен, не қызмет көрсетуші ұйымдармен қажетті жұмыс жүргізбей отырғанын көрсетеді. Осыған байланысты әкімдіктер әрбір шағым бойынша тексеру жүргізіп, міндетін адал атқармаған ұйымдарға қатаң шара қолдану керек.

Арман болған ауызсудың ауылға жетуі – бір, ал оның сапаға сай болуы –екінші мәселе. Әсіресе біздегідей «жағдайда» бұл түйіткілді тіміскелемей өтудің өзі қауіпті. Елдегі кәріз құбырлары  50 жыл бойы ауыстырылмаған. 65%-ға жуығы әбден тозған. Мұның санитарлық жағдайға қалай әсер ететіні айтпаса да түсінікті.

ҚУАНДЫҚ ҚАЖКЕНОВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақтау және Ленгер қалаларында жаңа кәріз тазарту құрылыстары іске қосылды. Осы жылдың соңына дейін Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал қалаларында тағы 4 тазарту құрылыстары іске қосу жоспарлануда.

Жауаптылардың  есебіне қарасақ, өңірлерде жұмыс жүйелі. Мемлекеттің талабы да – осы. Ол үшін ақшаны да аяп жатқан жоқ. Жауапты министрлік 540 мың гектарда су үнемдеу технологиясы енгізіледі деп жоспарлап отыр. Оған Үкімет соңғы үш жылда 55 млрд теңге берді. Алдағы үш жылға тағы 200 млрд-тан астам қаржы бөлмек. Бұл аз емес, қомақты қаражат. Сол үшін Олжас Бектенов берілген теңге бекерге кетпей, берекелі болуын талап етті.

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:

2023 жылы суды пайдалану 11 млрд 800 млн текше метр болса, биыл 11 млрд 100 млн текше метр. Яғни 700 млн текше метр суды пайдалануды қысқарттық. Ал нақты 2025 жылға су үнемдеу технологиясы арқасында 874 млн текше метр су үнемделді.

Иә, жұмыс бар, бірақ жүйе жоқ. Осылай деген Үкімет басшысы облыс әкімдеріне істі дұрыс ұйымдастыруды тапсырды. Бұл жай тапсырма емес, талап. Бектеновтың бұлай бұлдануына халық тарапынан түскен толассыз шағым себеп болған. Жылдан-жылға көңілі толмайтын тұрғындар қатары артып жатыр дейді. Былтыр 70 мың адам арыз жазған. Мұны естіген жауаптылар "ескердік, енді істі ілгерілетеміз" деп тарқасты. Бастысы, тұрғындар талабы тысқары қалмайды деп уәде берді.