Тұрғын үй бағасы 15,5 процентке қымбаттады

  • AstanaTV
  • 13 қаңтар 2026

Жаңа жыл баспана іздегендер үшін қымбатшылықпен басталды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қаңтарда пәтер құны 15,5 процентке, жалдау ақысы 12%-ға жуық өскен. Әсіресе Астана мен Алматыда баға соңғы екі жылдағы рекордтық көрсеткішке жетті. Нарықтағы ахуалды тілшіміз тарқатады.

Аяжан Бағланбекқызы бас қаладан баспана аламын деп басы қатып жүр. Тапқанын түгелімен пәтер алуға жинайды. Бірақ шегіне жете алар емес. Былтыр күзде алғашқы жарнаға жетіп жығылған. Жаңа жылда толықтырамын деп отырғанда баға тағы өсті. 

АЯЖАН БАҒЛАНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қыркүйек кезінде ол кезде маған первоначальный взносқа 2 миллион жетіспеді, сол 2 миллионды жинап қайтадан желтоқсанның басында барған кезде маған пәтердің бағасы 21 миллионға өсіп кеткенін айтты, арада 2-3 ай өтті ғой неге қымбаттап кетті дегенде НДС ті айтты.

Бағаның өсуін қосылған құн салығымен байланыстыру қисынсыз. Өйткені Ұлттық экономика министрлігі ол нарыққа тек 2027-2028 жылдары ғана әсер етеді деп мәлімдеме жасаған.

Ал жылжымайтын мүлік агенттері баспана бағасының өсуіне үш фактор әсер етеді деп отыр.

ДАМИР БАИКОВ, РИЭЛТОР:

Бірінші фактор қосылған құн салығы, алайда іс жүзінде ол күтілгендей нәтиже берген жоқ. Екінші фактор Қазақстан тұрғындарының өздері қалыптастыратын ажиотаждық сұраныс. Көпшілік «соңғы вагонға үлгеру» үшін пәтерді соңғы сәтте сатып алуға асығады. Соның нәтижесінде желтоқсан айында сатылған пәтер саны қараша және қазан айларымен салыстырғанда айтарлықтай көп болды. Үшінші фактор Қазақстанда іске қосылған мемлекеттік бағдарламалар.

Ал құрылысшылар бағаның өсуін материалдардың қымбаттауымен байланыстырады.

ЛАЗАРЕВ ВЯЧЕСЛАВ, «ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ» РЗТБ АСТАНА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

2025 жылдың соңында негізгі құрылыс материалдары күрт қымбаттады,  Мәселен, Астанада кірпіш бағасы 90 теңгеден 120 теңгеге дейін  өсті. Ал ғимарат қаңқасының негізі саналатын бетонның құны жеткізу нығындарынсыз 20%-ға жоғарылады. Баспана бағасының өсуіне үлестік құрылыс заңындағы өзгерістерде әсер етті. Нысандардың 63%-ы рұқсатсыз салынғандықтан, жаңа талаптар көлеңкелі компанияларды нарықтан шығарды. Бұл ірі құрылыс компанияларының бағаны еркін өсіруіне және монополияға жол ашты.

Сарапшылар, Қазақстан әлемде баспана бағасы арзандығы жағынан 13-ші орында деп жұбатып отыр.