Сленг сөздер сананы улауда

  • AstanaTV
  • 13 қаңтар 2026

Кринж, триггер, ред флаг, краш. Соңғы жылдары жастар арасында кең тараған бұл сленг сөздер үлкен буынға түсініксіз болса да, күнделікті өмірімізге еніп бара жатыр. Мамандар бұл құбылысты тек тілдік жаңалық деп емес, қауіпті тенденция ретінде бағалайды.

ТҰРЫСБЕК АЙҒАНЫМ, ТІЛШІ:

Ағай, дайынбыз ба? Бастай берейік. Мынау нағыз кринж болды ғой. Токсик адам екен. Кешірім сұраса болады ғой. Тригер ұстап қалдым. Бүкіл вайбты құртты. Сөзімнің жартысын түсінбей қалдыңыз ба? Бұл әзіл емес заман шындығы. Бұл күнделікті өмірімізге еніп бара жатқан сленг сөздер. Әсіресе, жастар арасында кең тараған.

Ренжісе — «триггер», ұнамаса — «ред флаг», жақсы болса — «имба», ал көңілге қонбаса — «кринж» деп түйіндей салады. Бұл құбылыс тек тілдік қолданыспен шектелмейді. Қоғамдық пікір қалыптастыруда да сленгтің ықпалы артып келеді. Ұнамайтын ой айтқандарды «cancel» ету жиілеп, жауапкершіліктен қашқандар «инфантил» деп сипатталады.

БЛИЦ:

- Ойбай, ондай сөздерді білмейм

- Кринж это скрининг наверно. (немересі)это типа не очень, фу

- Кринж? білмейм

- Кринж ұят деген сөз ғой

- Пикми - ұлдардың вниманиясы үшін өзін милый қылып көрсету

- Зумер деген біз. Подростоктар ғой

- Краш деген сүйкімді, жақсы көретғн ұл бала.

- Дұрыс емес қой. Не ол краш-мраш деген түсінбейм ондайды.

- Мұндай сөздерді қолданбаймыз үлкен адам. Көбінесе мына балалардан үйреніп жүрміз.

- Сленгтарды келетін жерде ғана пайдаланамыз.

- Қалыпты жағдай тілге жаңа сөздер енгізіледі.

Көріп тұрғандарыңыздай, сленг сөздерді үлкен буын толық түсінбейді, ал жастар үшін бұл сөздер таңсық емес. Тілі енді шығып келе жатқан балалар да сленгті белсенді қолданады. Бірақ тіл мамандары мұны қауіпті құбылыс деп бағалайды, себебі шектен тыс қолдану сөздік қорды тарылтып, тілдік дамуға кері әсер етуі мүмкін.

АРЫН ҚҰНАНБАЙ, ТІЛ МАМАНЫ:

Әлемдік психолингвистиканы қарастырып жүрген ғалымдар сөздік қордың жұтаңдығы сананың жұтаңдығы. Ал сананың жұтағдығы мидың когнитивті белсенділігі, танымдық қырына соққы береді үлкен.

Мамандар әсіресе балалар тұтынатын контентке назар аудару қажет дейді. Себебі әлеуметтік желілердегі мағынасы таяз видеолар мен әндер тілдік талғамды қалыптастырып қана қоймай, баланың санасына тікелей әсер етеді.

Ал психологтар сленгтің пайда болуын еліктеу мен әлеуметтік желінің ықпалымен байланыстырады.

АНАРГҮЛ ИБРАИМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Сленг жастардың код тілі және қорғаныс механизимі. Оны қолдану арқылы шынайы эмоциясын жасырады, ауыр сезімдерін жеңілдетеді және эрониямен өзін қорғап қалып жатады.

Сленг - заман талабы, бірақ оны пайдалану шекара мен контекстке тәуелді болуы тиіс.