Алматы облысында педагогтерге арналған «EdTech & AI: Инновация және интеграция» тақырыбында тренинг өтті

Алматы облысында педагогтерге арналған «EdTech & AI: Инновация және интеграция» тақырыбында тәжірибелік тренинг өтті. Іс-шара жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне тиімді енгізу және білімді жекелендіру жолдарын көрсетуге бағытталды. Тренингке білім басқармасы өкілдері, әдістемелік орталық мамандары мен аудандық білім бөлімдерінің басшылары  қатысты. Жиын педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттырып, заманауи білім беру жүйесін қалыптастыруға серпін берді.

Тәжірибелік тренинг аясында педагогтерге жасанды интеллект құралдарын қолдану жолдары көрсетілді. Қатысушылар цифрлық ресурстарды сабақ үдерісіне тиімді кіріктірудің нақты тетіктерімен танысты. Бұл мұғалімдердің уақытты үнемдеп, оқыту сапасын арттыруына мүмкіндік береді.

ГУЛИНА ОРАЗӘЛІҚЫЗЫ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Педагогтерге жасанды интелект құралын тиімді қолдану арқылы оқу процесін жекелендіруге, яғни сол жағынан әдістемелік көмек көрсету. Үлкен алпауыт компаниялардың өздерінің жасанды интелект бойынша ұсынған жобаларын алып кеп көрсетеді.

Іс-шарада педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету мәселесіне ерекше назар аударылды. Жетекші технологиялық компаниялар өздерінің жасанды интеллектке негізделген жобаларын таныстырды. Бұл мұғалімдерге жаңа құралдарды тез меңгеріп, тәжірибеге енгізуге мүмкіндік берді.

САНЖАР КЕНЖЕХАН, «ЕDATA.KZ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ауыл мектептері мен қала мектептерінің білім сапасын теңестіру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Соның аясында бізде әдемі және өте ыңғайлы google gemini құралымыз бар. Оның ішінде ноутбук LM деген құрал бар. Осылардың барлығы мұғалімдерге өздерінің сабақ беру мақсаттарын күнделікті процестерін екі есе, үш есе тездетуге тиімділігін өсіруге мүмкіндік береді.

Тренинг тәжірибе алмасу мен кәсіби серіктестіктің маңызды алаңы болды.  Бұл бастама өңірдегі білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болып сипатталды.