Цифрлық теңге алғаш рет экспорттық жобаға бағытталды

Фото: pixabay.com

Қазақстан даму банкі Абай облысындағы өсімдік майын сығатын зауыттың экспорттық жобасына цифрлық теңгемен несие берді.

Бұл операция бірнеше қаржы ұйымының атсалысуымен іске асты. Қазақстан Даму Банкі қаржы беруші болса, ЦентрКредит банкі осы операцияны жүзеге асыратын алаң ұсынды. Жоба Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі арқылы сақтандырылып, цифрлық теңгені айналымға енгізу үдерісіне Ұлттық Банк пен «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ қатысты.

— Пилоттық режимде Қазақстан Даму Банкі цифрлық теңгемен «Qazaq-Astyq Group» ЖШС-ға шикізат сатып алуға арналған экспорт алдындағы қаржыландыру аясында қарыз берді. Компанияның Абай облысында орналасқан май экстракциялау зауыты осы қолдаумен экспортқа тазартылмаған күнбағыс және рапс майын, күнбағыс пен рапс шротын, сондай-ақ фосфатидті концентраттарды өндіріп отыр. Жоба экспортты қолдауға арналған қаржыландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Қарыздың бір бөлігі цифрлық теңгемен берілді. Қаражат өсімдік майын өндіруге қажетті шикізатты сатып алуға және кейін оны экспорттауға бағытталады, — делінген ресми мәліметте.

Қазақстан Даму Банкінің басқарма төрағасы Марат Елібаев цифрлық теңгемен қарыз беру өте жылдам іске асқан операция болғанын айтады.

— Оның маңызды артықшылықтарының бірі — маркалау мүмкіндігі. Бұл қарыз қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейтуге жол ашады, — деді банк басшысы.

ҚДБ аталған пилоттық тәсілді цифрлық теңгені экспортты қаржыландыруда және өзге де қызметтерде кеңінен қолдану мүмкіндіктерін қалыптастыруға негіз ретінде қарастырып отыр.