Аяздың беті қашан қайтады?

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2026

Еліміздің бірнеше өңірінде күн күрт суытты. Қостанайда жолдар жабылып,оқушылар онлайн оқу форматына  ауысты.  Ал Астанада қала маңына қатынайтын автобустар тоқтады.  Аймақтағы ахуалды тілшілеріміз жеткізеді.

ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:

Қостанайды сарышұнақ аяз буып тұр.Түнде ауа температурасы -30-33 градусқа дейін төмендеген.Суық антициклон қаладағы темір тұлпардың көбін қаңтарды. Бұл күні көлігін қыздыра алмаған жүргізуші көп.

Сералы Мырзабай көлігін әрең қыздырғанын айтады. Ал арнайы адам шақыртсаң 10 мың теңге төлейсің.

СЕРАЛЫ МЫРЗАБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көлікті қысқа дайындаған секілді едім.Бірақ бүгін әрең қыздырдым. Көршілердің көбі арнайы адам шақыртты.

Саршұнақ аязда далада қалып, аяқ-қолын үсік шалған адам жоқ.Құтқарушылар ірі қара тиеген жүк көлікке көмек көрсетілгенін айтты. Мал да, жан да аман. Облыс көлемінде 258 жылыту пункті жұмыс істеп тұр.Күн суытқалы ол жерге 28 адам жеткізілген.Ал синоптиктер аптаның соңына дейін сібір антициклоны сақталып, ауа температурасы түнде -25-30 градусқа дейін төмендейтінін айтты.

ЭЛЬМИРА ҚОНЫСБАЙ, ИНЖЕНЕР-СИНОПТИК:

Дүйсенбіден бастап яғни 19 қаңтардан антициклонның орнын циклон басады.Ауа райы құбылмалы болады. Қар жауады. Боран, көктайғақ. Жел екпіні күшейе түседі.

Бүгін бірінші аусымның бірінші -тоғызыншы  сынып аралығындағы оқушылар онлайн форматта оқыды.Түстен кейін жоғары сынып шәкірттері мектепке барды.

ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:

Қалада қар қалың,күн суық.Мердігерлер шаһар көшелерін  ақ ұлпадан аршып  үлгермей жатыр. Келер аптаның қолайсыз ауа райы  коммуналдық  кәсіпорындарды тағы қарбаласқа салары анық.Астықты аймақтың болжамы осы.Ал Ертіс-Баян өңіріндегі  ауа райын  әріптесім Өзгеріс Қуанар айтады.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодарда да сақылдаған сары аяз күшіне мініп тұр.  -28 градус. Ауа райының қолайсыздығына байланысты 1-9 сынып оқушылары қашықтан оқуға көшті.

Құтқарушылар Екібастұз ауылдық аймағында көлігі қар құрсауында қалып қойған екі адамды құтқарды. Олар Бәсентин көліне балық аулауға барған. Қайтар жолда қалың қардан шыға алмай қалыпты.

Аязға байланысты құтқарушылар мен тәртіп сақшылары үй күйі жоқ, жертөледе түнеп жүрген адамдарға рейд жүргізді. Соның нәтижесінде  барар жері жоқ 12 адам арнайы орталыққа жеткізілді.

ТІЛЕКЖАН ГАЛЯМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Рейдің басты мақсаты төтенше жағдайдың алдын алу. Бүгінгі күні тұрғылықты тұратын жері жоқ адамдарды осы құдық кәріздерінен жылыту орындарынан жинап, осы оңалту орталықтарына әкеліп орналастырдық.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Синоптиктердің болжауынша,  алдағы күндері аяз күшейіп, -38 градусқа дейін жетуі мүмкін.  Сол себепті мамандар тұрғындарды сақ болуға шақырады. Алыс жолға шықпауға кеңес береді. Қатты суық астаналықтарды да әбігерге салуда. Ол туралы толығырақ әріптесім  Үсен Астана айтады.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Сақылдаған сары аяз сүйектен өтеді. Термометр көрсеткіші -25-ті көрсеткенімен,  -31 градустың үскірігі сезіледі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін 9 сыныпқа дейінгі оқушылар мектепке барған жоқ. 

Сондай-ақ, кейбір бағыттар бойынша көлік қозғалысына шектеу қойылды. Қала маңындағы аудандарға қатынайтын 11 автобус тоқтатылды. Қозғалыстың нақты қашан қалпына келетіні белгісіз. Қалалық көлік қызметі жағдайды жіті бақылауда. Қауіп сейілген соң ғана автобустар қайта желіге шығарылады.

Солтүстік Қазақстан облысында Өзбекстан азаматтары бар автобус жолда қалып, шетелдіктер жылы жерге эвакуацияланған. Өңірде жедел штаб құрылды. 

Өткен тәулікте төтеншеліктер сегіз рет жедел шақыртуға барды. Оның үшеуінде апаттық-құтқару жұмысы жүргізілген.

ОЛЖАС ЖҮНІС, СҚО ТЖД КЕЗЕКШІ БӨЛІМНІҢ БАСТЫҒЫ:

Оқиға таңғы сағат 05:30-да орын алды. Жолаушылар Мамлютка қаласындағы эвакуациялық пунктке орналастырылды. Көп ұзамай автобустағы ақау жойылып, азаматтар сапарын әрі қарай жалғастырды.

Бүгін таңғы сағат 09:00-ден бастап барлық бағыттар бойынша шектеулер алынды. Дегенмен, 13-17 қаңтар аралығында күн батқан соң (түнгі уақытта) республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда дизельді отынмен жүретін жүк көліктері мен жолаушылар тасымалына қайтадан шектеу қойылуы мүмкін

Казгидромет мамандары аяздың беті әлі қайтпайды дейді. Тіпті алдағы бірнеше тәулікте ауа температурасы -40 градусқа жетеді.

АРУЖАН МҰРАТОВА, "ҚАЗГИДРОМЕТ" РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

15 қаңтарда солтүстік және шығыс облыстарда түнгі уақытта ауа температурасы 30–40 градус аязға дейін төмендейді. Оңтүстік өңірлерде түнде ауа температурасы 5–13 градус аязға дейін, ал оңтүстік-шығыс облыстарда 8–17 градус аязға дейін төмендейді, таулы аудандарда 20–25 градус аяз күтіледі.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Бүгін және ертең аяз күшейіп, желдің екпіні артады. Қыс қаһарынан әзір таймайды.  Құзырлы органдар тұрғындарды сақ болуға, алыс сапардан бас тартуға кеңес береді.