Енді сағат 20:00–ден кейін ішімдік сатылмауы мүмкін

Фото: pixabay

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында елдегі алкоголь өнімдері айналымына қойылатын талаптарды қатаңдатуды ұсынды. 

Депутат Ішкі істер министрлігінің дерегін келтірді және елде жасалатын әрбір екінші кісі өлтіру, әрбір үшінші зорлау мен бұзақылық мас күйінде болатынын айтты.

Сондай-ақ тонау, жол-көлік оқиғаларының әрбір төртіншісі және тұрмыстық зорлық-зомбылық құқықбұзушылықтарының жартысынан астамы ішімдікке мас күйде жасалған.

— БАҚ-та кәмелетке толмағандардың мас күйде қоғамдық тәртіпті бұзатыны туралы ақпаратты жиі көреміз. Сауда нысандарының саны өте көп болғандықтан, олардың кәмелетке толмағандарға алкоголь сатпайтынына ешкім толық кепілдік бере алмайды, себебі оларды толыққанды бақылау физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Алкоголь көптеген қылмыстың түпкі себебі болып отыр, — деді Магеррам Магеррамов Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның сөзінше, балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарынан 100 метр радиуста алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салатын бұрынғы норманы қайта енгізу қажеттілігі туындады. Сонымен бірге, депутат алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарының санын шектеуді де ұсынды.

Сонымен бірге, Халық партиясы фракциясы Үкіметке мынадай ұсыныстар енгізді: 

-алкоголь өнімдерін міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлар тізбесіне енгізу;
-алкоголь сатылатын нақты сауда нүктелерін айқындап, одан басқа жерде сатуға жалпыға бірдей тыйым салу; 
-сауда нысандарында алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сағат 20:00–ден кейін сатуға тыйым салу;
ойын-сауық орындарында (кафе, мейрамхана) -алкогольді сағат 22:00–ден кейін сатуға тыйым салу; 
-алкоголь өнімдерін интернет арқылы сатуға тыйым салу;
-Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктеріне құқықбұзушылықтың алдын алу субъектілері ретінде кәмелетке толмағандар мен жастар арасында алкоголизмнің алдын алу бойынша цифрлық және медиа платформаларды пайдаланып, бірыңғай профилактикалық бағдарлама әзірлеу.