Павлодар облысында өрттен бір үйдің екі бірдей баласы қаза тапты

Павлодар облысында өрттен бір үйдің екі бірдей баласы қаза тапты. Оқиға Ертіс ауылында болған. Өрт сөндірушілер жеке тұрған үйден 3 баланы алып шыққан. Алайда, 4 және 7 жастағы бала ауруханаға жетісімен көз жұмды. 10 жастағы үшінші баланың жағдайы ауыр. Денесінің жарты бөлігін күйік шалған. Облыс орталығына санавициямен жеткізілді.

ҚУАТ АРҒЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Жағдайы өте ауыр. Тұрақсыз. Ауырлығы алған өрттік жарақаттарға байланысты. Өрттік шок балада. Беті күйген, қолдары күйген. Аяқтары күйген баланың. Жалпы күйіктің аумағы 46 процент.

Ал, осы үйдің 15 жастағы баласы өрттен өздігінен қашып шығыпты. Тек саусағы күйіп қалған. Ол да Балалар ауруханасына жатқызылды. Жағдайы қалыпты екенін айтады дәрігерлер.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 3 минутта жеткенмен, үйдің басым бөлігі жанып кетіпті. Әзірге тілсіз жаудың неден тұтанғаны белгісіз. Мамандар себебін анықтау мақсатында сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр.  Ал тілсіз жау тұтанғанда  анасы жұмыста болыпты.

БЕРІК ОМАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өрт 50 шаршы метр аймақта жойылды. Өрттің себебі анықталуда. ТЖД тұрғындарға өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға ескертеді. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Электр сымдары мен жылыту аспаптарының жарамдылығын бақылаңыз.