Трамп Иранға шабуылды кейінге қалдырды

Трамп Иранға шабуылдамауы мүмкін. Айтуынша, АҚШ Президенті Иран билігімен сөйлесіп, олар жалынып, енді ешкімді өлтірмейміз, - деп уәде беріпті. Гренландия бойынша АҚШ пен Дания арасындағы шиеленіс күннен-күнге өршіп жатыр. Трамп, Данияның дым қорғаныс қабілеті жоқ, - деп мазақ етті. Бірақ, Дания қарулы күштерінің кейбір бөлімшелері толығымен аралға көшіріліп, жақын арада оқу-жаттығу бастайды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Иранға шабуыл кейінге қалды. Трамп өзінің алдында Иран билігі жалбарынып кешірім сұрағанын және енді бейбіт халықты өлтірмейміз, - деп уәде бергенін жеткізді. Бұл туралы Иран билігі де ашық жарияламаса да, сондай келісім барын растады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен кеше Иран билігімен сөйлестім. Олар бірде-бір адамды өлтірмейміз, ешкімді түрмеге қамамаймыз деп уәде берді. Біз әлі де бақылаймыз. Бүгін біреу өлді деген хабар алмадым. Соған қарағанда олар сабасына түскен секілді. Барлығы жақсы болса, біз Пентагонды бұл іске араластырмаймыз.

Ресей мен Қытайдан бұл аралды қорғай алмайды. Қуықтай Дания өліп кетсе де, әлемдегі ең үлкен аралға ие бола алмайды. Трамп НАТО бойынша одақтасының қарулы күштерін мазақ етіп, қысым көрсетуін доғарар емес.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Дания осы уақытқа дейін әлемдегі ең үлкен аралда бір ғана күзетші ит ұстап, оған үйшік салып берген. Менің сөздерімнен кейін, қорғанысты күшейтеміз деп, екінші ит апарып, оған да үйшік салды деп естідім.Мен даниялықтарды жақсы көремін. Дегенмен, Ресей немесе Қытай шабуыл жасаса, екі итпен қалай қорғанады?

Бірақ, Дания қаһарына мінді. Дания ғана емес, НАТО-ға мүше еуропалық елдердің әскерилері де аралды Трамптан қорғауға әзірленуде. Ұлыбритания, Канада, Нидерланд, Швеция және Франция әскерилері жақын арада аралға келеді. Ал, Дания әуе күштері мен десантшылары арал астанасына келіп үлгерген.

ЛАРС ЛОККЕ РАСМУССЕН, ДАНИЯ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Аралды Ресей мен Қытайдан қорғау маңызды екеніне келісемін. Бірақ, оны қорғау 1951-і жылғы шарт және НАТО доктринасына сәйкес, онсыз да АҚШ-тың тікелей міндеті. Олар өз міндетін қажет болса, біздің тәуелсіздігімізге қол сұқпай орындауы тиіс. Біздің қарулы күштер де осал емес. Сондықтан, біз өзіміздің арктикалық әскери бағдарламамызды бастап отырмыз.

Таиландта пойыз апатынан қайтыс болғандардың саны 32-ге жетті. Естеріңізге сала кетсек, кеше елдің Солтүстік-Шығысында пойыз келе жатқан кезде құрылыс краны құлаған еді.