Алматыда енді мәйітті өртеп, жерлемек. Санаулы күндерден кейін крематорий ашылады. Бес жыл бұрын құрылысы басталғаннан бері жұрт шуласып келеді. Нысан әлдеқашан аяқталып, есігінде қара құлып тұрған. Жалпы крематорий салуға не үшін құлшындық? Миллиардтап қаржы жұмсалған мекеме қандай ережемен жұмыс істемек? Жомарт Түзелбай толықтырады.
Құрылысы бес жылға созылған орталықтың салынуына 1 жарым миллиард теңге бөлінген. Мекеменің жұмысты бастауы үшін кремацияға заң жүзінде рұқсат берілді. Қазір өртеу құны қанша болатыны нақтыланып жатыр. Күніне 25-ке жуық кремация жасауға негізделген. Ал жылына шамамен 7000-ға жуық мүрдені өртей алатын көрінеді.
ЛАЙЛА ИМАНҒАЛИЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұйрық күшіне енгеннен кейін Алматы қаласының крематорийі өз жұмысын бастайды және санитарлық және құқықтық талаптарды сақтай отырып, белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Алматы қалалық патологиялық-анатомиялық бюросының бақылау кеңесі арқылы кремация қызметтеріне прайс-парақты бекіту рәсімі жалғасуда.
Крематорияға қатысты көпшіліктің ойы екіге бөлінді. Бірі мәйітті отқа жағу - біздің мәдениет пен дінге сай емес десе, енді бірі адам денесі жермен-жексен болуы дұрыс деп құптап отыр.
БЛИЦ:
- Қазір адам жерлейтін орын жоқ. Ал бұл мекемеде баға қол жетімді болса, мүмкін осы таңдау дұрыс болады деп ойлаймын
- Негізі менің ойым бір шетінен дұрыс деп ойлаймын. Бір шетінен дұрыс емес. Біз мұсылман халықпыз ғой. Жаңағы жаназа жерлеу деген сияқты сол дұрыс деп ойлаймын.
- Бұрынғы заманнан ата бабамыздан келе жатқан біз жерлеуіміз керек қой енді. Қазақтың салт дәстүрімен. Ондай мүлдем естімеппін. Сұмдық деп ойлаймын мүлдем. Қарсымын әрине.
Қазақстандық мұсылман діни басқармасы мамандарының айтуынша, мәйітті өртеу – адамға деген құрметсіздік пен денені қорлау боп саналады. Одан қалса, шариғатқа қарсы амал ауыр күнәлар қатарына жатады дейді.
ТИМУР ӘЛИЕВ, АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:
Ардақты Пайғамбарымыз с.ғ.с. адамның денесі былай тұрсын, жәндіктерді тіпті ол кішкентай құмырсқа болсын оларды отпен жазалаудан қайтарған және басқа хадисте өлген адамның сүйегін сындыру тірі адамның сүйегін сындырумен тең деп айтқан. Монатистік діндер оның негізі бір болғаннан кейін бәрі қарсы. Құптамайды яхудилер болсын, христиан діні болсын. Шариғатта да бұл құпталмайтын нәрсе.
Көпшілік «дінімізге жат» деп наразылық танытқанмен, сұраныс та жоқ емес. Кремация жасату үшін Ресейдегі қызметке жүгінетін қазақстандықтар бар боп шықты.