Атырауда «AMANAT» партиясы облыстық филиалының басшысы сайланды

Былтыр Атырау облысында «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасында бекітілген 79 тармақтың 72-сі орындалған. Бұл туралы  облыстық филиалдың кезектен тыс конференциясында айтылды. «AMANAT» партиясының жобалары да өңірде өз нәтижесін беруде. Мәселен, былтыр «Ауыл аманаты» партиялық жобасы бойынша қайтарылатын шағын несие қаражаты есебінен 220 млн теңге қаржы бөлінді. Ал «Жер аманаты» жобасы аясында ел аумағында 14 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 6 млн гектары заңды түрде халық игілігіне берілді. «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы шеңберінде республикалық колл-орталық іске қосылды.  Жиынға қатысқан партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек алдағы мақсат-міндеттерге кеңінен тоқталды.

ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Президент, ең алдымен, әділетті мемлекет құру, аймақтардың тең әрі орнықты дамыту, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту және халықтың әл-ауқатын нақты іспен арттыру   мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл – барша өңірге, соның ішінде осы Атырау сияқты стратегиялық маңызы бар аймаққа тікелей қатысты міндеттер. Мемлекет басшысы айтқандай,  кез келген реформа қағаз жүзінде емес, өңірлерде, ел ішінде, нақты адамдардың өмірінен көрінуге тиіс.

Басқосу барысында партияның облыстық филиалының жаңа төрағасы лауазымына ашық дауыс беру арқылы Бейбіт Мырзағалиев сайланды. Айта кетейік,  ел аумағындағы 3800-ге жуық бастауыш партия ұйымының 106-сы Атырау облысында жүйелі жұмыс істеп келеді.