Алматы облысы Қарасай ауданында мұғалімдерге арналған семинар-практикум өтті

Алматы облысы Қарасай ауданында мұғалімдерге арналған семинар-практикум өтті. Жиынға арқау болған тақырып – «Өнер пәндерін оқытудағы цифрлық трансформация: Жасанды интеллект және платформа мүмкіндіктері». Басты мақсат – жаңа ресурс мүмкіндіктерін мұғалім тәжірибесінде ұтымды пайдалану. Қарасай ауданында 62 мемлекеттік, 17 жекеменшік мекеме мамандары Жасанды интеллект құрылғылары арқылы сабақ жүргізуді қолға алған. Еңбекші ауылы орта мектебінде мыңнан аса оқушы бүкіл пән бойынша нейрожелі мүмкіндіктерінің ғаламатын тиімді қолдануда. Шәкірттер бүгінгі семинарда музыка, тігін бұйымдарын сәндеу, пастельмен жұмыс жасау, сурет салу сынды өнерлерді жасанды интеллектпен ұштастырды.

ГҮЛДАРИҒА ҚОЯНОВА, ЕҢБЕКШІ АУЫЛЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің мектепте Google for education-мен келісімшартқа отырған болатынбыз. Біздегі мектептегі 91 мұғалім осы Джемини жасанды интеллектті қолдана отырып, ҚМЖ құралдарын жасап және күндегі қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын сол Джемини арқылы жасап отырады.

НАЗЫМ ҚАРТБАЕВА, МҰҒАЛІМ:

Қазіргі кезде біздің елімізде мына түсінік бар: Жасанды интеллект мұғалімдердің орнын басып, айырбастап кетуі мүмкін деген қорқыныш бар. Жасанды интеллект мұғалімнің орнын баса алмайды. Алайда жасанды интеллектті меңгермеген ұстаз меңгерген ұстаздың орнын босатып беруі мүмкін деген бір қауіп қазіргі кезде бар болып жатыр.