СҚО-да полицейлер 30 градус аязда жүргізушілерге көмек көрсетті

Чкалов ауылы маңында Көкшетау — Омбы автожолында тіркемесі бар КамАЗ жанармай құю бекетінің тұсындағы еңісте тұрып қалды. Шымкентке бидай тасымалдап бара жатқан жүргізуші техникалық ақауға байланысты көлікті тек бір ғана көпірмен жүргізе алған. Еңісте мұз қатқандықтан, жолға қайта шығуға қуаты жетпеген. Полицейлер жол пайдалану учаскесінің қызметкерлеріне жүгініп, олар қиыршық материал жеткізді. Сондай-ақ техникасы жылы бокста тұрған жергілікті шаруашылықтың көмегі тартылды. Бірлескен күш-жігердің арқасында жүк көлігі қайтадан жолға шығарылды. Соколовка ауылы маңында Петропавл — Ишим автожолында полиция қызметкерлері DAF жүк көлігі жылынғанша жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Қатты аяз кезеңінде жол қауіпсіздігін сақтау бағытындағы полиция мен өзге де қызметтердің жұмысы ерекше маңызға ие. Тәртіп сақшылары жүргізушілерге алыс сапарларға жауапкершілікпен қарауды, өздерімен бірге жылы киім мен қажетті құрал-жабдықтарды алып жүруді, сондай-ақ көліктің техникалық жағдайын мұқият бақылауды ескертеді.