Маңғыстау облысында 50 жолаушы мінген автобус аударылып, 4 адам қаза тапты. Ақтау - Бейнеу бағытындағы қоғамдық көліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан автобус жол жиегіндегі сайға аударылған. Тағы зардап шеккендер бар.
ЕРКЕБҰЛАН ИЗКЕНОВ - БЕЙНЕУ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ
Ақтау-Бейнеу Республикалық маңызы бар тас жолда қоғамдық көліктің қатысуымен жол көлік оқиғасы орын алды. ҚР қылмыстық кодексінің 345 бабының 4-бөлігімен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Автобусты 41 жастағы жүргізуші басқарған. Болжам бойынша, жол апаты болған жерден шамамен 200 шақырым бұрын қоғамдық көліктің рөлін екінші жүргізушіге берген. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жол апатынан зардап шеккен 42 адам Бейнеу көпсалалы орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:
Зардап шеккендердің төртеуі жансақтау бөлімінде, 13 адам травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Қалған науқастар амбулаториялық бақылауға жіберілді. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілуде, олардың жағдайы тұрақты бақылауда.