Қызылжарда зейнеткер қақаған аязда ауруханаға жетпей үсіп қалған. 75 жастағы қария қаңтардың 14 күні түс кезінде үйінен шығып, екпе алу үшін ауруханаға қарай бет алған. Алайда, кейін із түссіз жоғалып кеткен. Туғандары дабыл қаққан соң, құзырлы органдар еріктілермен бірлесіп, іздеу шараларын қолға алды. Келесі күні таңғы сағат жеті жарымда учаскелік полицей кейуананы екінші қалалық аурухананың ауласынан тапты. Минус 30 градус аязда бірнеше сағат далада жатып қалған қарияның хәлі нашар болған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Айтуынша, ол деменция ауруына шалдыққан. Сондықтан есінен адасып, жоғалып кеткен болуы мүмкін, дейді.
ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Барлық реанимациялық жағдайлар жасалынып, кейін оны қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылданады сол жерде. Өкінішке орай науқас ауруханаға жетпей қайтыс болды. Жалпы айтатын болсақ, оның денесін толықтай үсік шалған. Сонымен қатар қан тамыры жүйесінде және тыныс алу жолдары ауыр жағдайда болды.
НҰРСҰЛТАН ЕЛЕУСІЗОВ, ҚАЛАЛЫҚ №2 ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
ҚР Қылмыстық кодексінің бірінші бабы “адам өлімі” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл кісі бұрын-соңды үйінен шықпаған көрнеді. Сондықтан не үшін шықты, неге жоғалды, барлығын бүге-шүгесіне дейін тексереміз.